ОҢАЙ ОЛЖА ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ
Қарнақта келелі кездесу өтті
Еліміздегі ең күрделі әлеуметтік мәселелердің бірі – ойынқұмарлық. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында былай деген болатын «Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады». Осы орайда, қазіргі уақытта еліміздің әрбір өңірінде мемлекет басшысы атап көрсеткен мәселемен күрес шаралары қарқынды жүргізіліп келе жатыр.
Мәселен, жуырда «Бейбітшілік пен келісім сабақтары» тақырыбында Қарнақ ауылы «Үркер» мектебінде кездесу өтті. Кездесуді Кентау қаласы Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Хабибов Бегзат Давранұлы ашып жүргізіп отырды. Келелі кездесуге Кентау қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі А.Эргешов, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ Кентау қалалық филиалының басшысы Ғ.Тажибаев, Қарнақ ауылы әкімі апаратының әскери есеп жөніндегі бас маманы Ф.Хайтбаев және жоғары сынып оқушылары қатысты.
Аталған шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты сөйлеген сөзінде атап көрсетілгендей, аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керектігі айтылды. Сонымен қатар ҚХА кезекті ХХХІІІ сессиясында айтылғандай, Ассамблеяның нашақорлық, құмарпаздық немесе лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқаратындығы айтылды. Сондай-ақ қазіргі таңдағы әскери міндет пен мерзімді шақыртуға қатысты заңнамалар жөнінде ақпараттық-насихаттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиын барысында қатысушылар құмар ойындармен күрес бағытындағы ұсыныстарын жеткізді. Аға буын өз тәжірибесі негізінде еңбексіз келген олжаның опық жегізетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар жастардың жат ағым мен қылықтарға әуес болмауы үшін бос уақытын тиімді өткізудің тетіктерін кеңейту ұсынысы айтылды. Ассамблея мүшелері алдағы уақытта өтетін өңір тұрғындарымен кездесуде бұл мәселеге арнайы тоқталып, ақпараттық-насихат жұмыстарын жиілететінін алға тартты.
Айта кетейік, елімізде енді құмар ойындарға бәс тігуді ерікті түрде шектеуге болады. Құмар ойындарға қатысудан және бәс тігуден өз бетінше шектеу жөніндегі онлайн қызмет іске қосылған алғашқы айда аталған қызметті 40 мыңнан астам ел азаматы пайдаланған. 36 765 адам «EGOV mobile» порталы арқылы онлайн өтініш берсе, 3398 адам өзін шектеуге қағаз түрінде өтініш жазды. Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігі осы қызметті ілгерілету үшін әлеуметтік жарнама науқанын жүргізуде. Еліміздің 10 өңірінде 200-ден астам баннерлер мен билбордтар ілінді. Сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының цифрлы кеңселері мен теміржол вокзалдарында жарнамалық конструкцияларға тақырыптық баннерлер орналастырылған. Өтінішті өзін құмар ойындар мен бәс тігуден шектегісі келетін адам дербес ЭЦҚ пайдалана отырып, өз бетінше өтініш беруге тиіс. Үшінші тұлғалар тарапынан өтініш бере алмайды. Естеріңізге сала кетейік, аталған цифрлы қызметпен қатар ел азаматтары мен резиденттері құмар ойындарға қатысудан және бәс тігуден өзін шектеу үшін ойын бизнесін ұйымдастырушыларға жазбаша өтініш бере алады.