САЛА МАМАНДАРЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫМЕН ҚҰНДЫ ДЕРЕКТЕР БӨЛІСТІ

Елдің ертеңі – бүгінгі өскелең ұрпақ. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Атап айтқанда, мектептердегі орын тапшылығы жойылуда, сонымен қатар бос уақытты тиімді өткізуге арналған орталықтармен қамту ісі қарқын алған. Дегенмен материалдық қажеттіліктерді өтеумен мәселе толық шешілмейді. Бүгінде қоғам өмірі самртфонға шырмалып қалған. Күнінің көп бөлігін интернетте өткізетін азаматтар жетерлік. Ең өкініштісі, олардың қатарында оңы мен солы қалыптаспаған ойын балалары да бар.

Ал интернетте сүзгінің жоғы белгілі. Сондықтан өскелең ұрпақ түрлі жат қылықтарды бойына сіңіріп жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Осының салдарынан түрлі әлеуметтік мәселелердің туындап жатқаны белгілі. Солардың бірі – ойынқұмарлық немесе лудомания. Әлемдік деңгейде дерт деген диагноз қойылған бұл тәуелділік түрімен күрес соңғы уақытта қарқын алды. Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар қолға алынып, жұмыс істеліп-ақ жатыр. Мәселен, өткен аптада Түркістан қаласындағы Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектебінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалынатын қылмыс пен құқық бұзушылықтардың және оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғаумен байланысты органдардың өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған шара өтті.
8-10 сыныптардың қатысуымен ұйымдастырылған жиынға Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны М.Нұрмахамбетов, Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Б.Убайдуллаев, Түркістан ҚПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Ә.Әбдіхалықов, «Ақ мешіт» имамы С.Түнжарықов, ДТІЖО Е.П.Тебеева, педагог-психолог Р.Омарова қатысты. Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, оның ішінде мектеп оқушыларының қатысуымен орын алатын бұзақылық, топтасып төбелесу, қасақана дене жарақатын салу, жол ережесі, түнгі уақытта ата-ана қадағалауынсыз қоғамдық жерлерде жүру фактілері, жат ағымдарға ілесудің және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, жиында лудомания тақырыбы айрықша сөз болды. Сала мамандары ойынға деген тәуелділіктің соңы қылмыс жасау, психологиялық тұрғыда оқшаулану, қарызға бату, өтірік айту сынды адами құндылықтарға жат қылықтарға ұрындыратынын сөз етті. Психолог бұл мәселенің шындығына келгенде дерт екенін, оның ғылыми тұрғыда негізі барын, лудомандарды емдеудің жылдарға созылатынын тілге тиек етіп, жастарды мұндай әдеттен арылуға, әуес болмауға шақырды. Психологтың айтуынша, лудоманды анықтау оңай. Адам өзгере бастайды, ашуланшақ болады. Құмар ойынға тәуелді адам жиі өтірік айтады. Ақшаға бақылау жасай алмайды. Егер аталған белгілер байқалса, сарапшы мамандардың көмегіне жүгіну керек. Бұл психологтар немесе психотерапевттер болуы мүмкін.
Жиын барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқушыларға болашаққа балта шабуға болмайтынын, мұндай кеселдермен бастапқы кезеңде күреспесе, дендегеннен кейін қиын болатынын ұқтырды. Сонымен қатар интернеттегі қарапайым болып көрінген жат қылықтардың ауыр қылмыстарға ұрындыруы мүмкін екенін алға тартты. Сонымен қатар оқушыларға сөз беріп, көкейін тескен сауалдарына жауап берді.
Айта кету керек, лудоманияның адамға тигізер кері әсері көп. Ресми деректерге сүйенер болсақ, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болған. Оның әрбір бесіншісі өз өмірін құмар ойынның кесірінен қиған. Ажырасудың 40 пайызынан астамына лудомания тікелей себепкер болған. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың басым бөлігі де — осы кеселге шалдыққандар. Сондай-ақ қылмыс жасайтындардың арасында лудомандардың саны айтарлықтай артқан. Бәске тігетін ақшаны табу үшін ұрлық-қарлық пен зорлық-зомбылыққа барудан тайынбайтындардың саны жүздеп саналады. Былтыр ойынқұмарлар түрлі деңгейдегі 300-ден астам қылмыстар жасаса, оның ішінде адам өлтіру, ұрлық жасау, алаяқтық, тонау сияқты фактілер көптеп кездеседі. Бүгінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар мен мектеп оқушылары арасында да бұл кесел кеңінен етек алған. Салдарынан жастар мен жасөспірімдер арасында суицид жасаушылар көбейген. Сондықтан аталған мәселемен күресті күшейту һәм ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізудің, бала көретін контенттің сапасын бақылаудың маңызы айрықша.