БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР БАС ҚОСТЫ
Бүгінде әлемде жастар қозғалысы айрықша қарқынмен дамып келеді. Өскелең ұрпақ арасында өз мәселесін шешетін, бәсекелестік орта қалыптастыратын бірқатар орталар да бар. Әлем назарын жастар саясатына бұратын айтулы күндердің тізбегі де жоқ емес. Олар — 12 тамыз күні атап өтілетін Халықаралық жастар күні, 10 қараша — Дүниежүзілік жастар күні, сонымен қоса 24 сәуір — Жастар ынтымақтастығының халықаралық күні.
Осы орайда, Жастар ынтымақтастығының халықаралық күні қарсаңында Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар саясатының дамуына түрлі салада қызмет жасап жүрген қаламыздағы белсенді жастардың қатысуымен еркін форматта кездесу өтті. Шымкент қаласының ұстаздар ұстаханасы және жоғарғы білімнің шежірелі қара шаңырағы атанған – Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өткен кездесуге «Төлем» ЖШС-нің басқарушы директоры Исмаилов Сейдулла, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Орынбеков Заманбек, «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Төлебай Бекзат және Тұран ауданы бойынша мансап орталығының маманы Аманжолова Әсел қатысты. Кездесуде жастар арасындағы ынтымақтастық пен қаламызда жүзеге асып жатқан іс-шаралар жөнінде ақпарат беріп, жастармен сұрақ-жауап алмасылды. Еске сала кетейік, бұл күн Дүниежүзілік демократиялық жастар федерациясының шешімімен 1957 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі.
Жалпы соңғы жылдары жастар саясатының жемісті жұмыс істеп келе жатқанына көзіміз жетіп келеді. Қазіргі уақытта қала аумағындағы жастар ұйымдары түрлі игі бастамаларды көтеріп, нәтижелі жұмыс істеуде. Атап айтқанда, «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен құрылған ақпараттық топ үшінші мегаполистегі елді мекендер мен шағынаудандарға арнайы барып, мемлекеттік бағдарламалар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Өзекті мәселелер бойынша да сала мамандарымен кездесулер өткізіліп келе жатқанын газетіміздің бұған дейінгі сандарында да тарқата баяндаған едік.