МИНИСТРГЕ «ОҢТҮСТІК» АЭА-НЫҢ ЖҰМЫСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында қыруар іс атқырылып келеді. Күні бүгінде қала аумағында бірнеше индустриалды аймақ жұмыс істеп жатыр. Осының арқасында жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде тоқыма ісі қарқынды дамып келеді. Мәселен, өңірде шығатын кілемдер ішкі нарықтан бөлек, алыс-жақын шетелдерге де экспортталып жатыр. Осы орайда, өткен аптада үшінші мегаполиске Қаржы министрі Мәди Тақиев жұмыс сапарымен келген болатын.
Ведомство басшысын қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов арнайы қарсы алып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен таныстырды. Сонымен қатар 2005 жылдан бері жұмысын жүргізіп келе жатқан толыққанды тоқыма кластерін аралап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл аймақ тоқыма, химия, мұнай-химия салаларын және ішінара машина жасау өндірістерін дамыту үшін қолайлы инвестициялық алаң саналады. Өндірістік пул 65 жобадан тұрады. Онда 4 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда жалпы инвестиция сомасы 58,7 млрд теңгеге 39 жоба іске асып, 1 984 жұмыс орны ашылған.
Өндіріс алаңына инфрақұрылым жүргізіп, жағдай жасау үшін бюджеттен 8,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Нәтижесінде өнімдерді дамыту үшін қазір 22-ден астам инфрақұрылым нысаны салынды. Министр аралау барысында «Оңтүстік АЭА» кеден бекетінің бақылау-өткізу пунктімен де танысты. Сонымен қатар Мәди Тақиев мегаполиске арнайы жұмыс сапары аясында қала тұрғындарымен және «Бал Текстиль» ЖШС өкілдерімен кездесіп, бірқатар өзекті сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ халық пен кәсіпкерлер тарапынан көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізді.