ШЫМКЕНТКЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

Елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында қыруар іс атқарылып келеді. Күні бүгінге дейін бірқатар тың бастамалар көтерілді. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Мәселен, қазіргі уақытта үшінші мегаполисте агросаланың өнімдерін терең өңдеуге бағытталған индустриалды аймақ жұмыс істеп тұр. Жаңадан ашылып жатқан өндірістік мекемелер де аз емес.

Осы орайда, жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келген болатын. Сапар барысында ведомство басшысы «АйМар Құс» ЖШС жұмысымен танысып, шаруалармен кездесті. Кездесу барысында шаруалармен бірге сүт-тауарлы фермалар мен көкөніс қоймаларын жеңілдікпен несиелендіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар шаруалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салықтың тарифтік ставкасын төмендетуді және асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізуді сұрады.
Шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков Ауыл шаруашылығы министріне мегаполис аумағында салынатын қызанақ өсіруге арналған жаңа форматтағы ең ірі жылыжай кешенінің жобасын да таныстырды. Құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны түріктің «Alarko Holding» компаниясы жүзеге асырады. Жаңа технологияларға негізделген жылыжай 500 гектар аумақты қамтиды. Нәтижесінде 2000 жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмыс сапары қорытындысында министр қаладағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан шараларды оң бағалады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.