ЖАСТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН БІРЛЕСЕ ОТЫРЫП ШЕШУГЕ БОЛАДЫ
Лудомания – құмар ойындарға потологиялық әуестігі бар адамдардың дерті. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауруды ресми түрде мойындаған. Аталған дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттері жойыла бастайды. Сондықтан аталған дертке шалдыққан жандар түрлі теріс әрекеттерге бейім болып келеді.
Яғни адам құмар ойынға деген тәуелділік салдарынан несиеге белшеден батып, алаяқтық әрекеттерге баруы, қылмыс істеуі мүмкін. Осы орайда, жастарды аталған түйткілден арылту мен аулақ қылу мақсатында Түркістан жоғары медицина колледжінде кураторлармен жиналыс өткізілді. Онда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Мирзахмедова бірінші кураторларлық құжаттарды уақытылы толтырып отыруды, ата-аналармен өткен жиналыстардың хаттамаларын жинақтауды, сонымен қатар студенттердің сабаққа қатысуын қадағалауды тапсырды. Екінші мәселе бойынша құқықбұзушылықтың алдын алу, ұрлық, төбелес, онлайн кредит алу, ішімдік ішу, темекі шегу, лудомания, алаяқтық мәселелеріне тоқталып, кураторларды өз топтарындағы студенттердің сабақ үлгерімін, сабаққа қатысуын, топтағы психологиялық ахуалды, студенттердің өзара қарым-қатынасын жіті бақылау қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар түнгі уақытта жүрмеу, түнгі уақытта жұмыс істейтін студенттерді анықтау, әсіресе кәмелетке толмаған жасөспірімдер анықталған жағдайда дереу ата-анасына хабарлау, ескерту тапсырылды.
Колледж психологы Ж.Кобекова зорлық-зомбылық, буллинг, суицидтің алдын алу туралы баяндама жасады. Әр куратор өз тобындағы студенттерге назар аударса, аталған мәселелердің алдын алуға болатынын жеткізді. Топқа кіргенде әр студенттің көңіл-күйін байқап, өзгеріс болса, жеке сөйлесіп, қажет болса, психолог кабинетіне ертіп келуді ескертті. Студенттерге қолдау көрсетіп, оларда қиындық туындаса, жәрдем беру куратордың басты жұмысы екенін, сондай-ақ бірлесіп жұмыс істеген жағдайда жақсы нәтиже шығаруға болатынын айтты. Кураторлар өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға уәде берді.