ЛУДОМАНИЯ – ҒАСЫР ДЕРТІ
Лудомания – XXI ғасырдың дерті. Себебі қазіргі таңда әлемде құмар ойындардан 350 миллион адам зардап шегіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер жаһанда өмір сүретін ересектердің 3 пайызы – лудоман. Ал елімізде бүгін 36 мыңнан астам адам аталған психологиялық дертке шалдыққан. 2022 жылғы статистикаға сәйкес, Қазақстанда құмар ойынның кесірінен 735 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Отбасының ойран болып, ажырасуға алып келетін негізгі факторлардың бірі де – лудомания.
Себебі еліміздегі ажырасқан әрбір үшінші отбасы құмар ойынның салдарынан болып отыр. Ең сорақысы қазақстандықтар соңғы үш жылда XXI ғасырдың дертіне айналған дүние үшін триллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Сондықтан мұндай кеселмен күресудің маңызы мен міндеті зор. Әсіресе, оң мен солы қалыптаспаған мектеп жасындағы балаларға түсіндірудің маңызы зор. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан облысында жыл басынан бері бірқатар бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып келеді. Мәселен, Түлкібас ауданына қарасты мектептерде психолог мамандардың қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, аудандағы А.Асқаров атындағы жалпы білім беретін мектебінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ психологы Орынбасар Тасболат, нұсқаушысы Халықов Дарын және Түлкібас АПБ ЮПТ инспекторы, полиция майоры Наурызқұлова Әсел және Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі бөлімшесі психолог маманы Махаматханова Индираның ұйымдастыруымен құқықбұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында есірткіге қарсы зиянды психотроптық, улы заттардан қорғау, алкогольдік ішімдіктерді қолданудың алдын алу, түрлі керағар діни ұйымдардың іс-әрекеттерінен қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бағытында жасөспірімдер мен оқушылар арасында профилактикалық жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, аталған кездесуде психолог маман қазіргі уақытта жастар арасында тарап отырған ойынқұмарлық, ойынға тәуелділіктің зияны туралы айтып, оқушыларды телефондағы, ойынханалардағы ойын автоматтарындағы құмар ойынын ойнаудан, психологиялық тәуелділіктен сақтандырды. Қандай да болсын ойын рақаттануға әсер етеді. Ойын барысындағы құмарлық, адреналиннің қарымды бөлінуі миды ширатады, осының салдарынан лудоманияға шалдыққан науқастың өзгені ойлауға мұршасы келмейді. Сонымен бірге ол ойынға құмарлықтан емделу қажеттілігін түсінбеуі де мүмкін. Сондықтан мұндай жиындардың маңызы мен міндеті зор. Жиын соңында аудандық полиция бөлімінің Түлкібас АПБ ЮПТ инспекторы, полиция майоры Наурызқұлова Әсел және Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі бөлімшесі психолог маманы Махаматханова Индира оқушы қыздармен оңаша кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.