КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАМЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Бүгінде елімізде көлеңкелі экономикамен күрес шаралары қарқынды жүріп келеді. Жалпы бұл тақырыпты кеңірек тарқату барысында құмар ойындарын айналып өте алмасымыз анық. Сәйкесінше, көлеңкелі экономикамен күрес шаралары заңсыз құмар ойындарымен шырмала жүреді. Осы орайда, Түркістан облысында аталған бағытта ауқымды бастамалар көтеріліп келеді. Жуырда Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында да бұл тақырып кеңінен сөз болды.

Жиын барысында сөз алған облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Көлеңкелі экономика – еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін күрделі проблемалардың бірі. Сондықтан оған қарсы күрес сапалы жүргізілуі керек. Салық және кеден төлемдерін төлеуден жалтаруға қарсы күрес жандансын. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту бойынша жұмыстар атқарылсын. Былтыр «Evolution Corporation» және «Индиго 24» қаржы пирамидаларының ісі бойынша 25 адам сотталды. Жаңа пирамидаларға, заңсыз ойын автоматтарына қарсы жұмысты күшейтпесе болмайды. Талай азамат құмар ойынның жетегіне еріп кетіп жатыр. Құрылыс саласында да сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жою бойынша жүйелі шараларды қабылдау керек. Талдау барысында құрылыс саласында сыйбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауы жоғары екендігі анықталды. Осыған орай, тиісті басқармалармен бірлесе отырып, осы процестерді цифрландыру бойынша уәкілетті органға ұсыныс жолдансын. Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Басқа салалар бойынша сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар енгізілсін» деп атап өтті.
Айта кетсек, 2007-2009 жылдары ойын автоматтары залдары ақшаны қолма-қол төлемейтін әдісте жұмыс атқарды. Бұл құмар ойындарының бірден-бір жасырын тәсілдері болды. Дегенмен ойынның мұндай түрлерінде кейін қайта жаңа ойынға бәс тігуге мүмкіндік тудыру үшін ұялы байланыс бірліктері ұтыс ретінде берілді. Ал 2010-2012 жылдары заңсыз ойын бизнесі «де-юре» спорттық іс-шаралар лицензиясы негізінде әрекет етті. Яғни іс жүзінде карта құмар ойыны ұйымдастырылып, нәтижесінде «спорттық покерлық клубы мен қоғамдастығы» дамыды. 2013-2014 жылдар аралығында электрондық онлайн-казинолары көптеп таратылды. Ал 2015-2019 жылдарда барлық республика аумағында лотерея түрінде ойын автомат залдары қызмет етуге кірісті. Яғни саланың көлкеңкелі экономиканың кең етек жаюына ықпал етіп келе жатқанына біраз болды. Сондықтан да бұл мәселемен күресу де қиын. Десе де құқық қорғау органдары мен жастар орталықтарының белсенді жұмыс істеуінің арқасында құмар ойынның құрығына түсетін жастардың қатары сиреп келе жатқан тәрізді.