БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ҚАРТТАРМЕН КЕЗДЕСІП, ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ
Елімізде қарт адамдарды қолдау және оларды қоғамдық өмірге тарту үшін көптеген бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Ресми дерекке сүйенсек, республикада 79 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Аталған нысандар тұрақты түрде жұмыс істейді. Олардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, белсенді ұзақ өмір сүруге ынталандыруға, егде жастағы адамдардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай орталық Шымкент қаласында да бар. Оның жұмысын тиісті сала басқармасы қашан да бақылап, қажет тапсырмаларды беріп келе жатыр.
Мәселен, жуырда Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева «Белсенді ұзақ өмір» орталығына арнайы барып, зейнеткерлермен кездесті. Сала басшысы қазыналы қарияларымыздың хал-жағдайын сұрап, қызмет сапасын одан әрі жетілдіруге қатысты олардың кеңестерін тыңдады. Қызмет алушы аға буын өкілдері өз тараптарынан орталықтың қызметіне қатысты ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Жалпы, зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы бойынша үш «Белсенді ұзақ өмір орталығы» қызмет көрседі. Орталықтың күн тәртібі дәрігерлік тексеруден басталады. Қарияларға қызмет көрсету үшін жоғары және бірінші санатты дәрігер кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлері жұмылдырылған. Тұз шахтасы, бассейн, физиотерапия кабинеті мен фито-бар бөлімінде емдік шәйлар беріледі. Салауатты өмір салтын серік еткен зейнеткерлер үшін мұнда емдік денешынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисі, тренажерлық жаттығулар да қарастырылған. Күнделікті 700-ге жуық қария екі ауысым бойынша қызмет алады.