ЖАСТАРҒА ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Құқықтық мемлекетті қалыптастыру халықтың құқықтық мәдениетін дамыту процесімен тығыз байланысты. Құқықтық мәдениетті арттыру, халықтың құқықтық санасын дамыту – тәуелсіз, демократиялы және құқықтық тұрғыдан сауатты бұқарасы бар мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері. Қоғамдағы қылмыс пен құқықбұзушылыққа қарсы күресу бағытындағы жаңа жүктемелерді толығырақ таныстыру — құқық қорғау органдарының міндеті.
Осы орайда, Шымкент қаласында прокуратураның ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттермен арнайы кездесу өтті. Аталған жиынға Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, прокуратура қызметкерлері, белгілі спортшылар қатысып, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал прокуратура қызметкерлері қолға алынған шаралар мен алдағы жұмыс жоспары турасындағы ақпараттармен бөлісті.
Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев өз сөзінде «Статистикаға сүйенсек, қала аумағында жастар арасында орын алған құқық бұзушылық жағдайлары алдыңғы жылмен салыстырғанда өскен. Бұл ұрлық, алаяқтық, балаларды азғындық жолға түсіру қылмыстарының жасау фактілеріне байланысты болып отыр. Осыған орай, жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу профилактикасы бойынша қала аумағында 72 мобильдік топ құрылды. Мобильдік топтардың негізгі міндеті – жұма, сенбі, жексенбі күндері түнгі рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Мектеп оқушыларымен кездесу арқылы қиындыққа тап болған жастарға көмек беріледі» деп атап өтті.
Бұдан бөлек, жиын барысында мобильді топтар биыл 374 түнгі рейдтік іс-шара жүргізіп, салдарынан 4 557 кәмелетке толмағандар анықталып, оларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылғаны айтылды. Айта кету керек, қазіргі уақытта қалалық прокуратура кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция, әлеуметтік қызметкерлер және педагогика, психологтармен бірге полиция басқармасында есепте тұрған жасөспірімдермен жұмыс істеп келе жатыр.