МӘМС ЖҮЙЕСІ САЛАДАҒЫ ҚЫЗМЕТ САПАСЫН АРТТЫРУҒА СЕП БОЛЫП КЕЛЕДІ
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап енгізіліп, жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Аталған бастаманың арқасында салада бірқатар оң өзгерістер байқалуда. Бұл турасында Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты ақпараттық коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек тарқата баяндап берді.
Спикердің айтуынша, МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері медицина саласында айтарлықтай артықшылықтар сезіле бастады. Мәселен, медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті. 2019 жылмен салыстырғанда 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 169 039,2 теңгеден 455 410 теңгеге, орта буын медициналық қызметкерлерінің жалақысы 111 967,4 теңгеден 245 063,05 теңгеге өсті. Жоғары технологиялық медициналық көмек қарқын алды. Мұндай қызметтерді көрсететін медициналық ұйымдар саны 2019 жылы 3 болса, 2023 жылы саны 10-ға жетті. Жоғары технологиялық медициналық көмек алғандар саны 2019 жылы 134 адам болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 9,6 есеге артқан. Оның ішінде, экстркорпаралды ұрықтандыру арқылы 2019 жылы 15 әйел ана атанса, 2021 жылы 578 әйел, 2022 жылы 887 әйел, ал биылғы жылы 344 әйел босанып, 336 нәресте дүниеге келген.
Бұдан бөлек, ересектер мен балаларға оңалту емі 2 есеге артқан. Оңалту ем шараларының да түрлері ұлғайған. 2019 жылы кардиологиялық, кардиохирургиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары 12 медициналық мекемеде жүргізілсе, 2022 жылы травматологиялық, пульманологиялық бағыттар қосылып, 20 медициналық мекемеде оңалту ем шаралары жүргізілуде. Бұл бағытты қаржыландыру да айтарлықтай өскен. Қымбат тұратын КТ, МРТ диагностикалық қызметтері 2020 жылға дейін тек 8 түрлі әлеуметтік осал топтағы азаматтарға тегін болса, қазір барлық сақтандырылған тұрғындарға тегін қызмет көрсетіп жатыр. Консультациялық диагностикалық қызмет көлемі де жыл сайын өсуде. Сандарды сөйлетсек, 2019 жылы 837 675 консультациялық диагностикалық қызмет көрсетілсе, 2022 жылы 6 694 256 қызметке жеткен, яғни 8 есеге көбейген. Сұранысқа жиі ие консультативтік-диагностикалық қызметтер мен қымбат тұратын КТ/МРТ-нің тұрғындарға қолжетімділігі 2021-2022 жылдармен салыстырғанда 1-5 күнде жасалып, 10 күннен артық күттіру 9%-дан 2%-ға төмендеді.
Медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында жүкті әйелдерге, балаларға, мектеп медицинасына, жастарға өз алдына қосымша қаржы қарастырылды. Дені сау ұрпақ — біздің болашағымыз, сондықтан жүкті әйелдерге 2023 жылдан бастап 2 080 961 медициналық қызмет қарастырылды. Амбулаториялық тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 2,6 есеге өсті. Стационарлық көмек 1,2 есеге артса, күндізгі стационар бойынша көрсетілетін қызмет 1,5 есе көбейген.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы 15 қыркүйек пен 15 қараша күндері аралығында республика бойынша жыл сайынғы емханаға тіркелу науқаны өткізілді. Оның аясында әрбір қазақстандық және ел аумағында тұратын шетелдік азаматтар емхананы өз бетінше таңдау құқығын пайдалана алады. Шымкент қалалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметтеріне сәйкес, емхананы еркін таңдау барысында 1 192 939 тұлға 61 емханаға тіркелген. Есепті кезеңнің басында бекітілген халық саны 165 185 тұлғаны құраса, «еркін таңдау» арқылы 9 783, «көшу» себебі бойынша 2 914, «е-gov қызметі» арқылы 54 415, «аймақтық учаскінің жабылуы» себебі бойынша 1 242, «ішкі қайта бекіту» себебінен 55 330, «тіркеу науқаны» себебінен 41 501 азамат болып отыр. Сонымен қатар 297 қаңдас және 5421 шетелдік азамат емханаларға алғаш рет тіркелген.
Жалпы практика дәрігері мен учаскелік терапевтке бекітілген тұрғындар саны 1700 адамнан, учаскелік педиатрге 6 жасқа дейін 500 баладан, 14 жасқа дейін 900 баладан аспауы қажет. Бекіту науқаны кезінде МСАК ұйымына бекітілген тұлғалар қормен қызметтерді сатып алу шартын жасаған уақыттан кейін, келесі жылғы 1 қаңтардан бастап медқызмет алады. Бекіту науқаны кезеңінде МСАК ұйымына еркін таңдау құқығын пайдаланбаған адам бұрын қызмет көрсетілген МСАК ұйымына бекітілген болып қалады.
Қазірігі таңда, тұрғындар үшін қашықтықтан медициналық қызмет көрсетулер кеңеюде. Арнайы профилді дәрігерлерден, оның ішінде қазақстандық және шетелдік ғылыми орталықтардың мамандарынан пациенттер медицицналық мекемеге келмей, онлайн-режимде консультация ала алады. Бұл қызмет әсіресе науқасты коронавирустан емдеу кезінде өзекті болды. Оның жағдайын бақылау және ұсыныстардың орындалуын бақылау үшін дәрігер аудио немесе видео байланыс арқылы келесі кездесуді өткізе алады, ал пациенттің бұл үшін емханаға баруының қажеті жоқ. Сондай-ақ қашықтан көрсетілетін қызметтер ауыл халқына медициналық көмек алу мүмкіндігін жеңілдетеді. Медицицналық көмекті алу үшін дәрігердің жолдамасы қажет. Егер сіздің медициналық қызметтерді қашықтан алуға қатысты сұрақтарыңыз болса, онда сіз оларды учаскелік дәрігерге немесе өз емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметіне қоя аласыз. Қажетті ақпаратты алмаған жағдайда әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына келесі байланыс арналары арқылы өтініш беруге болады. Ресми сайт — fms.kz, байланыс орталығы — 1406, Telegram-дағы «Qoldau 24/7» арнайы көмекшісі және «SaqtandyryBot» мобильді қосымшасы.
Спикердің атап өтуінше, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Олар тек шетелдік азаматтар мен еңбек мигранттарына қатысты болады. Жаңа қағидаларға сәйкес, елдің аумағында уақытша болатын немесе баспана іздеп жүрген азаматтығы жоқ шетелдік адамдарды емханаға бекіту ерікті медициналық сақтандыру шартының негізінде және оның қолданылу мерзіміне ғана жүзеге асырылады. Осыдан кейін олар медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады. Еуразиялық Экономикалық Одақтан келген азаматтарға міндетті түрде медициналық-санитарлық алғашқы көмек қызметтеріне ерікті медициналық сақтандыруы болуы қажет.
Бекітуге арналған өтініш еркін нысанда қазақ немесе орыс тілінде жеке басын куәландыратын құжатты немесе шетелдік паспортты қоса бере отырып ұсынылады. Өтініш беруші медициналық ұйымға жеке өтініш беруі керек немесе ол үшін ерікті медициналық сақтандыру шартын жасасқан сақтандыру ұйымының өкілдері мұны жасауы керек. Медициналық ұйымдарға – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілеріне және денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған медициналық ақпараттық жүйелері бар медициналық ұйымдарға тіркелуге болады. ҚР аумағына уақытша келген шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері МӘМС жүйесінде қазақстандық азаматтармен бірдей құқықтарды пайдаланады және міндеттер атқаратындығын атап өту керек. ҚР азаматтары, қандастар және ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін бекіту тәртібі өзгеріссіз қалады.