КӨШЕЛЕРДІ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Шымкент қаласының аудан аумақтарында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатыр.
Биыл Абай ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 16 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал келер жылы 176 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Әл-Фараби ауданы аумағында 14 көшені жарықтандыру жоспарланып, қазіргі таңда 8, атап айтқанда, Әбдіразақов, Тыныбаев, Бөгет көшелерінде, 16 шағынаудан ішкі орам көшесінде, Мәметов көшесі аумақтарында жұмыстар аяқталды. Қалған 6 көшеде жарықтандыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Тұран ауданында 22 көшені жарықтандыру жоспарға енгізіліп, қазіргі уақытта 13 көшеге жарықшамдар орнатылды. Атап айтқанда, Әбдірайымов, Ескендіров, Әбсеитов, Аққыстау, Балапан, Қарашығанақ көшелері жарықтандырылды. Еңбекші ауданы аумағында 28 көшені жарықтандыру жоспарланды. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. 2024 жылы ауданда 192 көшеге жарықшамдар орнатылмақ.
Қаратау ауданы аумағындағы орталық 91 көше жарықтандырылған. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 30 көше жарықтандырылады. Олар – Сейфуллин, Ахтам, М.Әуезов және Бозжорға көшелері қиылысы, Абай, Жамалов, Мыңөрік, Атымтаев,Саяхат, Ақсұңқар, Қызылсу, Үшөзен, Шаян, бұрынғы Коммунистер, Әдия ТҮК, көпқабатты үйлер аумағы, Болашақ, Медеу, Дайрабеков, Ақбаев, Ахметбаев, Ақберен, Балқаймақ, Төле би, Баққон және атауы жоқ 5 көше. Бүгінге дейін 19 көшеге толығымен жарық шам орнатылып, 11 көшені жарықтандыру жыл соңына дейін аяқталмақ.
Шымкент қаласы бойынша жалпы орталық маңызы бар 747 көшенің 518-і жарықтандырылған. Оның ішінде, 2022 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 165 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 47%-дан 69%-ға өсті. 2023 жылы жалпы 104 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Жыл қорытындысы бойынша жарықтандыру көрсеткіші 69%-дан 75%-ға өседі деп күтілуде.