ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ІЛКІМДІ ІСТЕР КӨП

Шымкенттің республикалық маңызы бар қала атанғанына да біршама уақыт өтті. Міне, сол уақыттан бері қалаға жаңадан қосылған тұрғын алабтар мен шағынаудандардың инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешуге көп көңіл бөлініп келе жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, биыл жыл соңына дейін Қаратау ауданы сапалы ауыз сумен 100 пайызға қамтылады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов айтты.

Өз сөзінде аудан әкімі «2023 жылы Сайрам және Қызылсу елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары атқарылуда. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай, аудан аумағындағы барлық елді мекендер сапалы ауыз сумен 100 пайызға қамтылатын болады» деп атап өтті. Сонымен қатар 2023 жылы Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағын электр жарығымен қамту жұмыстары атқарылады. Одан бөлек, ОЖТ тарапынан инвест бағдарлама аясында Тассай, Таскен, Қайтпас және Сайрам елді мекендерінде электр желілерімен трансформаторлар алмастырылып жатыр.
Қаратау ауданы аумағында жалпы ұзындығы 631 шақырымды құрайтын 595 көше бар. Оның 364 шақырымы асфальт, 233 шақырымы шағал тас болса, 33 шақырымды топырақ көшелерді құрайды. 2023 жылы 50 шақырымды құрайтын 70 көшені асфальттау жоспарланған. Қазіргі таңда, 64 көшенің құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға берілді. Сонымен қатар 41 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары атқарылды. Ал 2024 жылы жалпы 87 көшеге 48,8 шақырым асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар бүгінгі таңда Қаратау ауданы аумағындағы орталық 91 көше жарықтандырылған. Биыл аудан аумағындағы маңызға ие 30 көшені жарықтандыру жұмыстары атқарылуда. Ал 18 көше тұрғындар тарапынан жарықтандырылып, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының теңгеріміне өткен. 2025 жылға дейін аудан аумағындағы 150-ге жуық көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Тұрғындардың өтініштері негізінде 240 орынға бейнебақылау камераларын орнату бастамасы тағы бар. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін жүзеге аспақ.
Бұдан бөлек, 2023 жылы 41 балалар, 12 спорт алаңшасын салу мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, бүгінде 34 балалар, 7 спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Қалған орындарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аудан аумағында су басу және көлдеу қаупі бар 30 мекенжай анықталып, 2022 жылы 22 орынға ұзындығы 13,7 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйелер салу жұмыстары атқарылды. 2023 жылы 17 орынға 15,1 шақырымды құрайтын ирригациялық арық жүйелерін салу мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Елді мекендерді табиғи газбен қамту бойынша да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде Тұран шағынауданында құрылыс жұмыстары аяқталып, абоненттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Тассай тұрғын алабы мен Нұртас шағынауданындағы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Бүгінде ауданда табиғи газбен қамту көрсеткіші 96 пайызды құрайды. 2025 жылға дейін елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспары бар.
Бұдан бөлек, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде 2023 жылы 92 жобаны жүзеге асыру жопарланған. Бүгінде 92 жобадан 62 жобаға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, 52 жобаның құрылыс жұмысы аяқталды. Қорыта айтқанда, Қаратау ауданында ілкімді істер көп. Жүзеге асатын жұмыстар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ақжолтай жаңалықтарды алдағы уақытта да жазып, бөлісіп отыратынымызды айта кеткен жөн.