ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНА САЛЫНҒАН НЫСАННЫҢ САПАСЫ ТАЛАПҚА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК
Шымкент қаласының үлкен құрылыс алаңына айналғаны белгілі. Бүгінде үшінші мегаполис аумағында көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Осы орайда, құрылыс сапасына қатысты сауалдардың көбейетіні белгілі. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар құрылыс алаңдарына барып, халық игілігіне берілетін нысандардың сапасын бақылады.
Әуелі шаһар басшысы жауаптылармен бірге Шымсити шағынауданынында бой көтерген Конгрес-холл ғимаратын аралап, атқарылған жұмыстармен танысты. Қазір мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, нысанның персоналды басқару жүйесіне мамандар оқытылуда. Заманауи талапқа сай жабдықталған ғимаратта халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге барлық жағдай жасалуда. Жобаға сәйкес бірінші блокта мәдени іс шараларға арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2 066 орындық көрермен залы орналасқан. Сондай-ақ 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз залы, техникалық бөлмелер бар. Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы, шеберхана қарастырылған. Қала әкімі жауаптыларға озық үлгіде жабдықталған жаңа нысанның мүмкіндігін арттыруда бірқатар тапсырма берді. Конгрес-холл өндірістік кестеге сәйкес жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Бұдан кейін Ғабит Сыздықбеков Шымкент-Сити шағынауданындағы саябақтың құрылыс жұмысын аралап көрді. Аталған шағынауданның 3 жерінен саябақ салу жоспарланған. Бірінші аумақ 18 гектарды, екіншісі 20,4 гектарды, үшінші 6,9 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 18 гектар аумақтағы демалыс аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелері толық аяқталған. Ал 20,4 гектар аумақтағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Саябақты көгалдандыру алаңы – 128 036 шаршы метр. Мұнда 40 балалар ойын алаңшасы мен 19 спорт алаңы орналасады. Сондай-ақ 2,8 шақырымдық веложол, жүгіру жолақтары және жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті мен 7 мыңнан аса гүл егу жоспарланған. Бүгінде саябақтың құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Өндірістік кестеге сәйкес, нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қаланы жасыл желекке бөлеу мақсатында салынып жатқан саябақтың құрылысымен танысқан қала басшысы жауаптыларға халық тынығатын нағыз жайлы орта қалыптастыру керектігін жеткізді.
С.НҰРАЙ.