ШЫМКЕНТТЕ 2 АУҚЫМДЫ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Инвестиция тарту шаралары бойынша Шымкент қаласы еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарына жатады. Бүгінде қала аумағында бірнеше индустриалды аймақ жұмыс істейді. Инвесторларға жайлы орта қалыптастыру бойынша тиімді шаралар да жүзеге асырылып келеді. Жуырда қала экономикасына ауқымды қаржы құюға мүмкіндік беретін тағы 2 жоба бойынша меморандумға қол қойылды. Тарқатайық…
17 қарашада Астана қаласында өткен Жаһандық инвестициялар жөніндегі VI қазақстандық дөңгелек үстел аясында өзара ынтымақтастық туралы маңызды меморандумдарға қол қойылды. Әлемдік бизнестің және қаржы секторының өкілдерін жинаған іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысты. Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов жалпы сомасы 662 млн АҚШ долларға екі шетелдік компаниямен меморандумға қол қойды.
Біріншісі — Түркияның ірі «Alarko Holding» компаниясының қала аумағында жаңа форматтағы жылыжай кешенін салу жобасы. 650 млн АҚШ доллар сомасына жүзеге асырылатын инвестициялық жоба кезең-кезеңмен жалпы 500 га аумақта 5 мың жаңа жұмыс орнын құруды, жаңа технологияларды енгізу арқылы азық-түлік қауіпсіздігі мен жылыжай бизнесін дамытуға ықпал етеді. Екіншісі – «IŞIKLAR PACKAGING Ltd.» түрік компаниясы «крафт-ролл» қағазын шығаратын зауытын салу бастамасы. Жобаның құны 12 миллион АҚШ долларын құрайды. Екі жоба да тұрақты өңірлік өсуге, инвестициялар тартып, қала экономикасының дамуына және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
«Уақыт».