ТУРИЗМ САЛАСЫНА ҚҰЙЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ – 8 МЛРД ТЕҢГЕ

Шымкент қаласы шет мемлекеттердің 13 қаласымен бауырластық байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының бөлім басшысы Ерболат Оспанов айтты.

Спикердің сөзінше, еліміздің кірмелік туризмін танымал ету аясында Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы әлемнің түкпір-түкпірімен байланыс орнатып, роуд-шоулар ұйымдастырып келеді. Осының нәтижесінде биыл 100-ден аса арнайы тревел блогерлер мен туристер келген. Өз сөзінде «Шымкент қаласы бауырластық қатынастар аясында тиімді негізде сыртқы сауда, инвестициялар, туризм, ауыл шаруашылығы, ғылым мен білім, мәдениет, спорт және өнер саласында ынтымақтастық байланысын күшейтпек мақсатта Түркия, Италия, Ұлыбритания, Қытай Халық Республикасы, Беларусь, Таиланд, Тәжікстан, Қырғыстан, Грекия сынды елдердің 13 қаласымен бауырластық байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатыр» деді спикер. Меморандумның негізгі мақсаты — екі ел арасындағы қазіргі достық қатынастарды нығайту және экономикалық қызмет субъектілері арасында тікелей байланыстар орнатуға бағытталған ұзақмерзімді экономикалық, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық, мәдени іскерлік және сауда қатынастарын дамыту.
Басқарма тарапынан бүгінде қаладағы креативті индустрияның бүгінгі жағдайына талдау жасалған. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы қалада шығармашылық салада 2523 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Бұл қаланың шағын орта бизнес субъектілерінің жалпы санының 1,99 пайызын құрайды. Оның ішінде 489 заңды тұлға, 2034 жеке тұлға бар. Креативті индустрия саласына 12 бағыт бойынша 43 OKEД бекітілген. Сондай-ақ қаладағы креативті индустрия өкілдерімен бірқатар кездесу және талқылау жұмыстарын жүргізіп 4 басым бағытын белгіленген. Олар — кино және анимация, дизайн және сән, IT және геймдевелопмент және халық қолөнері. Бүгінде әр бағыт бойынша басқарма арнайы серіктестік ұсыныстарын әзірлеп, мүдделі кәсіпкерлердің базасын қалыптастыруда. Сонымен қатар IT-технология бағытында «Sifro», кино және анимация бағытында «Mandarin Pictures» және «Sak», «Жанна Елтанованың Сән үйі», «Turan Models» және «Amanat» компанияларымен дизайн және сән үлгісін дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша қалаға келетін қонақтарға арналған креативті тақырыптық маршруттар дайындалып, арнайы буклеттер жасалғанын да айта кету керек. Нәтиже бойынша ағымдағы жылы кретивті индустрия өкілдерінің тұрақты орналасу базасы бекітілсе, 2024 жылы жылы министрліктің тапсырмасына сәйкес ашылмақ.
Жалпы Шымкент туризмін дамытудағы басты бағыттардың бірі – оқиғалы туризм. Сәйкесінше, Шымкент қаласына туристердің жиі келетін уақыты – наурыз айы. Осы орайда, жылдың 4 мезгіліне арналған «Наурыз Шымкенттен басталады», «Damdastour», Шымкент марафон, Қошқар ата сейілі, қала күні мерекесі секілді тұрақты іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл жөнінде «Біз қала туризмін дамытудағы басты бағыттардың бірі ретінде – оқиғалы туризмді дамытуды қолға алып отырмыз. Іскерлік туризм бағытын дамыту бойынша түрлі салааралық халықаралық форумдар, тақырыптық жәрмеңкелер, конференциялар, бизнес өкілдерінің коммерциялық шаралары және съездер өтеді. Аталған іс-шаралар қазіргі таңда тұрақты түрде жыл бойына өтуде» деді спикер. Сонымен қатар қала мен облыс аумағында киелі тарихи орындардың сан алуандығы өңірде тарихи-зиярат туризмін дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Осыған орай, бұл бағыттар бойынша ұзақтығы 1, 2 және 3 күнді қамтитын турлар әзірленіп, туристерге ұсынылуда. Көрсетілген турпакеттерге Шымкент, Түркістан, Сауран, Отырар қалаларының бірқатар тарихи туристік нысандары енгізілген.
Одан бөлек, Ақсу-Жабағылы қорығына, Сырдария-Түркістан және Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркіне арналған турлар бар және туристік бизнес өкілдіктерімен бірге жаңа турлар құрастырылып жатыр. Оңтүстік өңіріне зиярат ету туризмі Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабынан бастау алады. Онда республикалық маңызы бар Қазақстанның сакралды географиясына енгізілген 7 киелі нысан орналасқан. Сәйкесінше, аталған өңірді дамыту жұмыстары да қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Мәселен, 2021 жылы жергілікті меценат есебінен Хызыр Пайғамбар мұнарасына 15 млн теңге қаржыға абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 2024 жылы Сайрам тұрғын алабын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жоспарланған. Аталған жоспарға сәйкес, Қаратау ауданы әкімдігімен 2024 — 2025 жылдар аралығында жылына 80 мыңнан аса зияратшы келетін нысандар Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелерін 1-ші этаппен абаттандыру көзделген. Қазіргі таңда тиісті министрліктен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ерте жүргізу мәселесі пысықталып жатыр.
Жалпы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы бойынша 4 индикаторлық көрсеткіш бекітілген. 2023 жылға бекітілген жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін жалпы қалаға келетін туристер санын 400 мың адамнан асыру жоспарлануда. Аталған көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы республика көлемінде Астана, Алматы қалаларымен Ақмола облысынан кейін 4-ші орынды иемденіп отыр. Қазіргі таңда 2023 жылдың 6 айлық статистикалық есептік көрсеткіші бойынша қала аумағына 215 098 турист келген. Шымкент қаласы аумағында 2023-2024 жылдары туризм саласы бойынша инвестиция көлемі 8 млрд теңгені құрайтын 11 жобаны іске қосу жоспарлануда. Сәйкесінше, орташа есеппен 203 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қазіргі таңда Шымкент қаласының бүкіл оңтүстік өңірі үшін туристік орталыққа айналуына барлық мүмкіндігі бар. Шаһар өзінің дамыған инфрақұрылымы арқылы Қырғызстанды, Өзбекстанды және Қазақстанның басқа өңірлерін байланыстыратын ірі торапқа айналған. Шымкент қаласынан 700 шақырым радиуста Ташкент, Бішкек, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Алматы қалалары орналасқан. Шамамен 20 миллионға жуық адам тұрады. Бұл қашықтықты автокөлікпен бір күнде, әуе көлігімен 2-3 сағатта жүріп өтуге болады. Мұны тиімді пайдалану керек. Бұл жөнінде «Шымкенттің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін туристік тірек орталығына айналуына барлық мүмкіндіктері бар. Бүгінде қала аумағында 144 орналастыру орны, 25 әлеуметтік және мәдени нысан, 23 демалыс орны, 69 спорт орталықтары, 10 саябақ, 7 республикалық сакралды нысан, 3 326 тамақтану орындары, 150-ден астам туристік нысандар орналасқан» деді Азамат Нұрымбетов.
Жалпы Шымкент қаласының туристік нысандарына Түркістан облысымен салыстырмалы түрде анализ жүргізіледі. Оңтүстіктің туризмі – Шымкент қаласынан бастау алса, туристер осы жерден саяхатын бастай алады. Бұдан бөлек жақын өңірлерге де барады. Бүгінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында заманауи брендтегі қонақ үйлер, отельдер мен хостелдер туристерге қызмет етеді. Тарқатсақ, Шымкент қаласында сыйымдылығы 5 955-ті құрайтын 144 орналастыру орны болса, Түркістан облысында 9 378-ды құрайтын 220 орналастыру орны бар. Сонымен қатар қала аумағында 3 326 мейрамхана мен тамақтану орны болса, Түркістан облысы аумағында 5 076 орынды құрайды.
Туризмді дамытудағы басты талаптардың бірі – көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету екені даусыз. Бұл ретте, қаланың әуе қақпасының өткізу қабілеті жылына 1 млн 728 мың адамды, ал ай сайынғы әуе қатынас саны 570 рейсті құрайды. Бүгінде қала әуежайында 14 жаңа рейс ашылды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан бағытында — Қостанай-Павлодар, Батыс Қазақстан бағытында — Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Шығыс Қазақстан бағытында — Өскемен, Семей, Орталық Қазақстан бағытында — Жезқазған, Қарағанды бағыттары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Шымкент қаласынан Джидда, Медина, Дубай, Пхукет бағыттары бойынша чартерлік рейстер орындалады. Қазіргі таңда өткізу қабілеті жылына 1 млн 440 мың адамды қамтитын теміржол арқылы Қазақстанның 10 қаласына бағыттар қатынаса, жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 3 247 шақырымнан асады. Қорыта айтқанда, Шымкентті туризм орталығына айналдыру бағытында қолға алынып жатқан жұмыстардың ауқымы кең.