ШАҺАР БАСШЫСЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН БАҚЫЛАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағында жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарын бақылап, тиісті тапсырмаларын беріп келеді. Осы орайда, өткен аптада шаһар басшысы Тассай шағынауданына барып, атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.

Құрылыс жұмыстарын бақылаған қала басшысы мердігерге жұмысты жандандыру ғана емес, сапалы жүргізуді міндеттеді. Егер талаптар орындалмаса, тиісті мамандарға мердігерді жауапқа тарту керегін ескертті. Жергілікті тұрғындардың орындаушылардың жауапсыздығынан зиян шекпеуі керегін баса айтты. Сондай-ақ көгілдір отынның берілу мерзімі жайында халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Жалпы Тассай шағынауданындағы табиғи газ жүйесін тарту жұмыстары 2021 жылдың соңында басталды. Бүгінге дейін мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС жұмыс көлемінің 84 пайызын орындаған. Газ тарату жүйесінің қуаттылығы – 12.5 м3/сағ, ал ұзындығы 68,8 шақырымды құрайды. Нысан келесі жылдың 1-тоқсанында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 3345 абонент көгілдір отынмен қамтылады.
Бұдан кейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге Нұртас шағын ауданын кәріз жүйесімен қамту жұмыстарын қадағалады. Құрылысқа 60 адам, 15 арнайы техника жұмылдырылған. Қала әкімі мердігерге құрылыс нормаларын қатаң сақтау және халық қауіпсіздігі үшін құбырларларды жүргізуде арнайы белгілерді орнату керегін ескертті. Сонымен қатар желілерді орнату аяқталғаннан кейін жолдарды ретке келтіруді тапсырды. Мердігер мекеме осыған дейін жұмыс көлемінің 67 пайызын аяқтаған. Жобаға сәйкес 62,6 шақырым кәріз құбыры жүргізіледі. Нәтижесінде 3 мыңнан астам тұрғын үй орталықтандырылған кәріз жүйелеріне қосылады.