ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕРДІ САТУДАН ТҮСКЕН ҚАРАЖАТ ҚАЙДА ЖИНАҚТАЛАДЫ?
Қайтарылған активтерді сатудан түскен қаражатты шоғырландыру мақсатында арнаулы мемлекеттік қор ашылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған.
Баршаға белгілі, 2023 жылғы 12 шілдеде «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы Заңды іске асыру мақсатында ҚР Үкіметі Бас прокуратура және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қажетті шараларды қабылдап жатыр. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 5 қазанында ҚР Премьер-Министрі басқаратын Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияны құру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, комиссияның негізгі міндеттерінің бірі – жүйелі шараларды жүзеге асыру, заңсыз шығарылған капиталды елге қайтарудың әдістері мен тетіктерін әзірлеу. Оның құрамына ҚР Үкіметінің мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары мен қоғам қайраткерлері кірді. Бұл ретте барлық шешімдер еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси мүдделерін ескере отырып, алқалы түрде, ашық және бейтарап қабылданатын болады. Осы жылдың 10 қазанында комиссияның алғашқы отырысы өткізілді. Жақын арада комиссияның қарауына Бас прокуратураның жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитетпен ынтымақтастыққа дайын тұлғалардың активтерін өз еркімен қайтаруы жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ тізілім арқылы өзге тұлғаларға қатысты мәжбүрлі түрде қайтару жөнінде ұсыныстар шығарылатын болады.
Сонымен қатар қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу үшін Қаржы министрлігінің жанында «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құрылды. Қайтарылған активтерді сатудан түскен қаражатты шоғырландыру мақсатында арнаулы мемлекеттік қор ашылады. Онда мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық жобаларын одан әрі қаржыландыру үшін аталған активтерді сатудан түскен қаражат есепке алынатын болады.
Үкімет басшысы мұнан бөлек, 2022 жылдан бастап телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, медиаактивтер және басқа салаларда монополиясыздандыру мәселесі бойынша ұсынымдарды тұжырымдаумен айналысатын ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия жұмыс атқарып жатқанын атап өтеді. Нақтырағы «Бүгінгі күнге осы комиссияның 40-тан астам отырысы өткізіліп, нәтижесі бойынша акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестердегі акциялар пакеттері мен қатысу үлестерін, ғимараттарды, теміржол инфрақұрылымының объектілері мен құрылыс жайларды, автомобильдерді, ақшалай қаражатты және өзге де мүлікті мемлекеттік меншікке қайтару жөнінде шешімдер қабылданды» деді Премьер-Министр.