ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ ПЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкенттегi «Достық» үйінде қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің отырысы өттi. Кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиевтың жетекшілігімен өткен жиында Шымкент қаласындағы діни ахуал мен Қаратау ауданындағы этносаралық жағдай қаралды. Отырыстың күн тәртібіндегі сұрақтар бойынша қалалық дін істері басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Сарманов және Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов сөз сөйлеп, атқарылған жұмыс жайын баяндады.

Өзекті мәселелердi талқылаған кеңес мүшелері қалыптасқан жағдайды жақсарту жайында ұсыныстарын жеткiзiп, пiкiр алмасты. Айта кетейік, елімізде ҚХА жанынан ақсақалдар кеңесі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған. Жыл басынан берi қалалық кеңесте еңбек қауіпсіздігі мен Әл-Фараби ауданындағы этносаралық ахуал қаралып, тиісті мемлекеттік мекемелер мен азаматтық институттарға ұсынымдар берілген. Бүгінде белсенді кеңес мүшелері этнос өкілдері жинақы тұратын аумақтарда жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылған. Сонымен қатар этнос өкілдерінің қатысуымен орын алған оқиғаларды медиаторлар әлеуетімен реттеп, тараптарды ортақ мәмілеге келтіру жұмыстарын атқаруда.
Консультативтік-кеңесші орган – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жергілікті жерде іске асыруға ықпалдасу, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу, этносаралық жанжалдың алдын алу сынды бірқатар міндеттерді қоғамдық негізде жүзеге асырады. Кеңес – қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сала мамандарымен өзара іс-қимыл ұйымдастыру, тиісті органдармен бірге этникалық деңгейге өтуі мүмкін жанжалдарды шешуге атсалысу, халық арасында бірлікті нығайту мәселелері бойынша кездесулер өткізу, мемлекеттік органдарға ұсынымдар енгізу сынды өкілеттіктерге ие. Бүгінде қалалық деңгейде ақсақалдар кеңесінің құрамына жасы 60-тан асқан тәжірибелі әрі абыройлы ақсақалдар мен белсенді азаматтар енген.