«ТҰРҒЫНДАРҒА БЕРІЛГЕН УӘДЕЛЕРДІ МІНСІЗ ОРЫНДАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ»
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Имашевпен сұхбат құрдық. Сұхбат барысында ол кісінің халық пен билік арасында алтын көпір болудың жауапкершілік жүгін терең түсінетініне көз жеткіздік. Қаланың дамуы жолында көңіл бөлер тұстар, кері тартатын мәселелер туралы да айтары бар азамат екенін білдік.
– Қайрат Есенбекұлы, қазіргі таңда Шымкент қаласы мәслихатының депутаты ретінде мәслихаттағы әріптестеріңізбен бірге бірнеше мекемелерге барып, ондағы ұжым қызметкерлеріне мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіріп, насихаттап жүрсіз. Сұхбатымызды мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы туралы пікіріңізден бастайықшы.
– Мемлекет басшысының Жолдауы — елдің дамуы үшін жарияланған маңызды құжат. Құжат алдағы нақты жоспарлар мен бағыттарды айқындап бергенін көріп отырмыз. Ендігі кезекте оның жүзеге асуына әр азамат білек сыбана кірісіп, үлесін қосуы керек деп санаймын. Ал «АMANAT» партиясы — мемлекет басшысының тірегі әрі қолдаушысы. Ел Президентінің барлық реформалары мен стратегияларын, Жолдауларын жергілікті тұрғындарға насихаттап түсіндіруі іргелі ұйымның басты міндеті деп есептеймін. Сондықтан да барлық фракция мүшелері өздеріне бекітілген аумақ бойынша тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсаттағы кездесу барысында халықтан ұсыныс-тілектер түсуде. Сол талаптарын назарға алып, мәслихат мінберінде көтеріп, шешілуіне атсалысып жатқан жайымыз бар. Жолдауда Шымкент қаласы үшін үлкен мүмкіншіліктер қарастырылғанын атап өткен жөн.
Фракция жетекшісі ретінде Жолдаудың ерекше бағытына тоқталып өткім келеді. Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласы — кәсіпкерліктің дамуына қолайлы өлке. Осыған орай, Жолдауда шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Соңғы жылдары ел Президенті қабылдаған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнестің дамуы оң динамиканы көрсетуде.
Бірақ орта кәсіпкерліктің даму қарқыны баяу жүруде. Жолдауда осы бағытта жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді деп атап өтілді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажеттігі айтылды. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Жолдауда Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек деген тапсырма жүктелді.
Бүгінгі таңда еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет.
Жолдауда мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн деп санайтынын, оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек екенін атап өтті. Бәсекелестік дамымаса, бизнестің де өркендемейтіні айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды. Осы жерде атап өтейін, Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан.
Бүгінде қалада 130 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Осы жылдың 8 айында олардың саны 20 мыңға артқан. Сондай-ақ Жолдауда Президент қоғамның қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі — 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAТ» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл ел көруі қажеттігін алға тартып, нақты тапсырма берді. Сондықтан қаржылық сауаттылық арқылы кәсіпкерлікті дамытып, мемлекет тарапынан қолдау болатын болса, еліміздің экономикалық жағдайы одан әрі жақсара түседі деп сенемін. Өз кезегінде жұмыссыздық мәселесі шешіліп, қуатты аймаққа айналамыз деген сенімдемін. Жолдаудағы кәсіпкерлік саласына деген ерекше мән берілгені – елдің болашағы үшін жасалынып жатқан қадам болмақ.
– Сіз Шымкент қаласы мәслихатында «AMANAT» партиясының фракция жетекшісі боласыз. Жалпы мәслихаттағы фракцияның рөлі қандай? Оның құрамында қанша депутат бар? Олардың жұмысын қалай бақылайсыздар? Фракцияның уәкілеттілігі не? Және фракция тарапынан қолға алынған, жүзеге асқан жұмыстар қандай?
– Фракция қызметі Ата Заңымызда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Мәслихат регламентіне, сондай-ақ Жарғыға, партия Саяси кеңесі Бюросының, партия облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының шешімдеріне және осы Ережеге сәйкес дербес ұйымдастырылады.
Өз кезегінде, фракция партияның бағдарламалық құжаттарының, мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың іске асырылу барысына, сондай-ақ бюджет қаражаты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын партиялық бақылауды және мониторингтеуді жүзеге асыру және мәслихат депутаттарының өз отырыстарында заңнамалық актілермен және партияның ішкі регламенттеу құжаттарымен көзделген өкілеттіктерінің шегінде мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдардың есептерін тыңдау болып табылады.
Ал мүшелігі мен сапалық құрамына келетін болсақ, «АМАNАТ» партиясының фракция мүшелері Шымкент қаласының мәслихатындағы 32 мандаттың 20 орнын иеленіп, аса басымдықпен депутаттық корпусты қалыптастырып отыр. Мәслихат хатшысы «АМАNАТ» партиясынан екенін де айта кету керек.
Құрамына келетін болсам, фракция мүшелерінің 13-і – ер (65%), 7-еуі — әйел (35%). Олардың ішінде 5 депутатымыз жастар санатына (20%) жатады және мүмкіндігі шектеулі азаматша ретінде депутатқа – 1 (5%) орын тиесілі. Орташа жас – 44,5 жасты құрап отыр. Ал салалар бойынша айтатын болсам: спорт саласы бойынша – 2 депутат (10%), білім саласы бойынша – 3 депутат (15%), кәсіпкерлік саласы бойынша – 13 депутат (65%), квазимемлекеттік сектор және үкіметтік емес ұйымдар саласы бойынша – 1 депутат (13%) және БАҚ саласы бойынша – 1 депутат (9%) қызмет атқаруда. Фракцияның құрамы түрлі сала өкілдерінен құралған. Бұл сапалы әрі нақты жұмыс жасауға мүмкіндік береді.
– «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін Жол картасы әзірленген болатын. Және ондағы міндеттер 2027 жылға дейін орындалатыны айтылды. Жол картасына қанша мәселе енгізілді? Бүгінде құжатта көрсетілген жоспар-жобалардың орындалу көрсеткіші неше пайызды құрайды?
– «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында Шымкент қаласы бойынша әзірленген Жол картасы 4 басымдық, 100 тармақ пен 452 индикаторды қамтып отыр. Бес жылда бюджеттен 1,2 триллион теңге қаражат бөлінетін болады.
Жол картасының 2023-2024 жылдардағы іс-шараларына қаржыландыру мәселесі шешілген. 2023 жылға – 159,8 млрд теңге, 2024 жылға – 186,1 млрд теңге қарастырылып отыр. 2023 жылдың 8 айдың қорытындысымен жоспарланған 93 іс-шараның 16-сы (17,2%) аяқталып, 77-сі орындалу үстінде. Орындалмай қалу қаупі бар іс-шаралар дер кезінде анықталып, фракция жиналыстары мен аймақтық кеңестердің отырыстарында қаралып, тиісті басқармалармен жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде іс-шаралар жылдың соңына дейін орындалатын болады.
– Жол картасына енгізілген мәселелерді жүзеге асыруда енжарлық танытып отырған, сылбыр жұмыс жасап жатқан мекемелер туралы не айтасыз? Оларға «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының мәслихаттағы фракциясы атынан қандай шаралар көрілді?
– Шындығын айту керек, сайлау науқаны кезінде сайлаушыларға бізге тиісті міндеттерді мінсіз орындауға уәде еттік. Ендігі кезекте фракцияның басты миссиясы осы 5 жылда барлық айтылған іс-шараларды орындату екенін айтып өтейін. Тиісті басқармаларды күнделікті зерделеп отырмыз. Барлық фракция мүшелері Жол картасындағы тармақтарға бекітілген. Партиялық бақылауды күшейтіп отырмыз. Көшпелі жиындар жүйелі түрде ұйымдастырылып жатыр. Жоспарланған әрбір іс-шара партия филиалы мен фракция мүшелерінің бақылауында тұр. Сондықтан бүгінгі күнге дейін міндетіне енжар қарайтын басқарма жоқтың қасы деп ойлаймын. Өйткені барлығымыздың мақсатамыз бір. Мүддеміз бір арнаға тоғысады. Ол қаламыздың өркендеуі мен тұрғындардың лайықты өмір сүруіне атсалысу. Басқарма, фракция, халық бірлесе отырып, өзекті мәселелерді бірге шешуіміз тиіс. «Аққу – көкке, шортан – көлге, шаян – шөлге» сүйрейтіннің керін кимеуіміз қажет. «Келісіп пішкен тон келте болмайдыға» салып, кеңесіп, түсінісіп жұмыс жасаған абзал. Егер де өзіне тиесілі міндетті орындамай немесе жұмысына салғырт қарайтын басшылар болатын болса, көз жұма қарауға болмайды. Шұғыл түрде фракция тарапынан қызметіне лайықты емес деп ұсыныстар беруге әзірміз.
– Сіз кабинетте отыратын немесе сайлаушыларына көрінбей жүретін депутаттардың қатарынан емессіз. Оған көз жеткізгенбіз. Әлеуметтік желідегі парақшаңызда сайлаушылармен жиі кездесіп, талап-тілектерін тыңдайтыныңызды көріп, оқып жүрміз. Одан қандай қорытынды шығуда? Сайлаушылар тарапынан қандай мәселелерді жиі естисіз?
– Біз Әділетті әрі Жаңа Қазақстанды құруға бет алдық. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің негізі қаланып келеді. Тұрғындармен жиі кездесіп, мәселелерін тыңдап, шешуге ықпал етуіміз тиіс. Бұрынғыдай сылбыр қимылдап, енжар жүретін уақыт емес. Халықтың да ой-санасы жоғары. Талап-тілектерін орынды қоя алады. Сондықтан да әрбір депутат осыны ескеріп, халық пен билік арасына алтын көпір болуға зор дайындықпен келді деген сенімдемін. Фракция жетекшісі ретінде Жол картасының орындалуына және барлық фракция мүшелерінің жұмыстарына жауапты болғандықтан, менен сұралатын мәселе көп. Жауапты әрі ұқыпты болуымыз керек. Халық аманатына қиянат жасамай, миссиямызды адал орындап шығуымыз тиіс.
– Шымкент қаласы мәслихатындағы күн тәртібіндегі мәселелер туралы айта кетсеңіз. Яғни үшінші мегаполистің мәслихаттағы депутаттары қандай проблемаларға екпін беруде?
– Қазіргі таңда қаламызда фракция мүшелері көптеген мәселелерге көңіл бөлуде. Атап айтқанда, әлеуметтік сала бойынша еңбекақының төмендігі күн тәртібінде тұр. Қалада жұмыссыздық мәселесі тағы бар. Бүгінде бұл көрсеткіш 5 пайызды, яғни 22 мың адамды құрап отыр. Үшінші мегаполисте 50 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Баспанасы бар адамдардың да проблемасы зор. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында инженерлік желілердің тозуы (электр желілерінің тозуы — 57,9%, жылумен жабдықтау – 37,3%, су бұру — 61%) шешімін күтіп отырған өзекті проблема екені белгілі. Жолдардың 30%-дан астамы қанағаттанарлықсыз деңгейде. Құрылыс қалдықтарын сұрыптау және қайта өңдеу бойынша өндірістік алаң жеткіліксіз. Қаланың толығымен кәріз жүйесімен қамтылмауы экологиялық мәселелерді туындатуда. Бүгінде қаланың кәріз жүйесімен қамтылуы 60 пайызды құрайды. Қаламызда 260 мыңнан астам жас бар. Солардың ішінде жұмыссыз жүргендері қаншама… Сыбайлас жемқорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жастар арасындағы суицид — депутаттарды толғандыратын мәселелер.
– Сіз өз тарапыңыздан қандай проблемаларды көтердіңіз? Сізді депутат ретінде не толғандырады?
– Партияның 5 жылға жоспарланған сайлауалды бағдарламасы 10 мыңға жуық халықтың ұсыныс-тілектері бойынша әзірленді. Сайлау науқанының өзінде қоғамдық қабылдауға 2 мыңнан астам ұсыныстар мен талап-тілектер келіп түсті. Осының негізінде сайлауалды бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Яғни сайлауалды бағдарламада көзделген барлық іс-шаралар мен көрсеткіштер Жол картасында толығымен қамтылды. Сайлауалды бағдарламаны орындау мақсатында әзірленген Жол картасы 4-басымдықты қамтып отыр. Осы басымдықтар негізінде қаламыздың өзекті мәселелері оң шешімін табады деп есептеймін. Фракция жетекшісі ретінде осы бағыттарда жұмыс жасап жатқанымды айтайын. Атап айтқанда, біріншіден, табысты арттыру – басымдығы бойынша қаламызда жаңа индустриалды аймақтар іске қосылып, жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың саны артып, инвестициялық жобалардың жүзеге асуына бақылау жасалады. Екіншіден, өмір сапасын көтеру басымдығы бойынша сапалы білім беру, медицина, жастарға мүмкіндіктер жасау, мәдениет, спорт саласы бойынша салынатын нысандар қадағаланады. Үшіншіден, өмір сүру жағдайын жасау басымдығы бойынша тұрғын үй, инфрақұрылым, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлерге жағдай жасалады. Біз осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, атқарылатын іс-шараларға бақылау орнатуымыз керек. Төртіншіден, экологиялық ахуалды жақсарту басымдығы бойынша қаламызда өзекті мәселелер көп. Халықтың лайықты әрі таза ауамен тыныс алуына жағдай жасау – партияның негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағытта жұмыстарды жандандыруымыз тиіс. Осы аталған проблемаларды күнделікті көтеріп, нақты жұмыстар атқарып жатырмыз.
– Өзіңіздің парақшаңызға жүктеген жазбалардың бірінде ер азамат уәде етсе, орындауы тиістігін атап өтіпсіз. Жалпы Сіз сайлаушыларға қандай уәде бердіңіз? Қанша уәдеңізді орындап үлгердіңіз?
– Иә, бұл жазбам көпшіліктің көңілінен шықты деуге де болады. Ер азамат болған соң бір сөзді болу керек. Мені бала кезімнен бастап «ер азаматтың екі сөйлегені – өлгені» деп, әрдайым бір сөзді болуға тәрбиеледі. Бұл өзгелерге үлгі боларлық өнеге деп білемін. Елдің ертеңі сапалы ұлтпен өлшенеді. Тарихымызға үңілсек, ұлтымыздың мақтан ететін жақтары жетерлік. Қазақ сол жақұт қасиеттерді, үлгілі істерді ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келген. Аманат деген сөздің құны әрқашан бағалы. Мазмұны биік. Біз аманатқа берік болуымыз тиіс. Тұрғындарға берілген уәделеріміз орындалып келеді. Жылдың соңында жақсы көрсеткішке толы қорытынды есебіммен міндетті түрде бөлісетін боламын.
– Сұхбатқа қосып-алар ойыңыз, пікіріңіз бар ма?
– Сәттілік тілеуден басқа қосып-аларым жоқ. «Уақыт» газеті шыншылдық пен әділеттіліктің жаршысы болып келеді. Осы бағыттан таймай, ел игілігі үшін адал қызмет ете беріңіздер. Оқырмандарыңыз көп болғай. Шығармашылық ұжымға сәттілік тілеймін. Жазарларыңыз көп болсын!
Сұхбаттасқан,
С.ИБРАГИМОВА.
(Сұхбат «AlashInfo24» ақпараттық порталынан алынды).