САЙРАМДА АРЫС ӨЗЕНІНІҢ АРНАСЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысының тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Сәйкесінше, өңірде ағын судың маңызы айрықша жоғары. Жалпы қазіргі таңда облыс аумағынан өтетін каналдар мен өзендердің арналарын тазарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында Келес ауданында атқарылып жатқан жұмыстар турасында тарқата жазған болатынбыз. Енді елдің игілігі үшін көтеріліп жатқан бастама Сайрам ауданында жалғасын тапты. Тарқатайық…

Арыста өзен арнасын қайта қалпына келтіру шаралары жүргізілуде. Осыған байланысты, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов қауіпті аймақтарды арнайы аралады. Бұған дейін Құтарыс ауылдық округіндегі Қызыл арық каналын үш жерінен Арыс өзені шайып кету қауіпі төнген болатын. Айта кетейік бүгінде қауіпті учаскеде Арыс өзеннің арнасын қалпына келтіру бойынша шұғыл жұмыстар атқарылды. Оған «Тұран Су» МКК-не қарасты «Hundai 305 I» шынжыр табанды техникасы жұмылдырылған. Сондай-ақ 500 метр өзен арнасы қалпына келтірілді. Мамандардың айтуынша жөндеу жұмыстары күні ертең аяқталуы тиіс.
Бұдан бөлек, көктемгі су көбеюі кезінде Арыс өзен арнасының өзгеруіне байланысты Көлкент ауыл округі Ханқорған ауылындағы жайылым жердің бұзылу қаупі орын алды. Осы тұста жауапты мамандар аталған орындардағы өзен арнасы мен бөгетін қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарып жатыр.