ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТАБЫСЫНЫҢ ЖАРТЫСЫН АЗЫҚ-ТҮЛІККЕ ЖҰМСАЙДЫ

жалақы өскенімен, жағдайдың жақсармауына не себеп?

Бұғаусыз кеткен баға бұқараның қалтасына ауқымды салмақ салып келеді. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде айлығы шайлығына жетпейтіндердің қатары қалың. Қала берді, банкке берешегі бар азаматтардың да саны арта түсуде. Мерзімі өткен несиенің көлемі күн сайын өсіп барады. Мұның барлығы түптеп келгенде қоғамның қамсыз өмір сүруіне кедергі болып жатыр. Жалпы қазақстандықтардың айлық жалақысының қанша пайызы азық-түлікке жұмсалады? Әлемдік деңгейдегі көрсеткішіміз қандай? Саралайық…

Соңғы зерттеулерге сүйенсек, Қазақстан тұрғындардың азық-түлік құны бойынша әлемде 104-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш бойынша әлемдік анти-көшбасшылардың бірі. Жалпы салыстыру 110 елдің деректерін пайдалана отырып жүргізілді. Euromonitor International нарықты зерттеу халықаралық ұйымы мен Picodi.com сервисінің сарапшыларының есептеуінше, қазақстандықтардың тұтынушылық шығындарының жартысына жуығы немесе 49,4 пайызы азық-түлікке кетеді. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Мысалы, АҚШ-та азық-түлік шығындарының үлесі небәрі 6,7 пайыз болса, Еуропа елдерінің көпшілігінде бұл көрсеткіш 9-19 пайыз аралығында. Африканың кейбір кедей елдерінде де адамдар азық-түлікке қазақстандықтарға қарағанда аз жұмсайды. Мәселен, бұл көрсеткіш Угандада 44,2 пайыз, Камерунда 45,2 пайыз болса, Эфиопияда 41,3 пайыз шамасында. Бұл туралы Ranking.kz жазды.
Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттері арасында ай сайынғы шығындарды ақшалай түрде салыстыру кезінде Қазақстан шамамен тізімнің ортасында болды. ҚР тұрғындары айына азық-түлік себетіне 213 АҚШ долларын жұмсайтыны белгілі болды. Бұл — Ұлттық банктің 28 тамыздағы бағамы бойынша 98 мың теңге. Қазақстандықтардың азық-түлік өнімдеріне жалпы түбіртегі Ұлыбритания немесе Испания тұрғындарының түбіртегінен айтарлықтай көп емес сияқты. Бірақ бұл елдерде 200 АҚШ доллары азаматтардың отбасылық бюджетінің аз ғана бөлігі. Мысалы, Англияда 202 АҚШ доллары жалпы тұтыну шығындарының тек 8,7 пайызы болса, Испанияда 13,1 пайызды құрайды. Қазақстандықтардың халықаралық сарапшылар жариялаған шығындарының көлемі ұлттық статистика қызметі көрсеткен көрсеткіштерден екі есе көп. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының есептеріне сүйенсек, биыл қаңтар-наурыз айларында тұрғындардың азық-түлікке жұмсаған шығыны бір тоқсанда 134 мың теңгені немесе айына 44,7 мың теңгені құрады. Дегенмен бұл – нақты көрсеткіш емес. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш өсіп келе жатыр. Бұған екі фактор әсер етті. Оның бірі — өткен жылдың соңы мен 2023 жылдың басында соңғы жылдардағы рекорд болған жалпы азық-түлік инфляциясы. Қараша-қаңтар аралығында азық-түлік бағасының жалпы өсімі 24,1–25,7 пайыз деңгейінде болды. Ақпанда баға 26,2 пайызға жоғарылады. Екінші фактор — қазақстандықтардың табысының өсуі өнім бағасының шарықтауына жете алмауы. Бұл атаулы және нақты жалақының динамикасының айырмашылығынан анық байқалады. Мәселен, биыл бірінші тоқсанда қазақстандықтардың орташа атаулы жалақысы 19,3 пайыз өссе, оның сатып алу қабілеті 0,6 пайызға төмендеген. Сәуір-маусым айларында нақты жалақы индексі оң болды, бірақ айтарлықтай емес, яғни 1,2 пайыз шамасында, оны қазақстандықтар сезбеген де болуы мүмкін.
ҚР СЖРА ҰСБ дерегінше, азық-түлік себетіне жұмсалған шығындардың үлесі өткен жылдың бірінші тоқсанындағы 50,4 пайыздан биыл қаңтар–наурызында 51,2 пайызға дейін өсті. Азық-түлік бағасының қымбаттауының орнын толтыру үшін қазақстандықтар басқа санаттардан азырақ сауда жасай бастады. Мәселен, биыл бірінші тоқсанда азық-түлік емес тауарларға жұмсалған шығындардың үлесі 26,3 пайыздан 24,4 пайызға дейін төмендеген. Адамдар киім-кешек пен аяқ киімге, жиһаз бен тұрмыстық заттарға, жөндеуге арналған материалдарға үнемдеді. Олар алкоголь мен темекіні де аздап сатып ала бастады. Нәтижесінде бұл шығындардың үлесі бір пайыздық тармаққа азайды. Бір қызығы, қиын-қыстау кезеңде қазақстандықтар сыртта тамақтанудан үнемдемеген. Кафелерге, гриль-барларға және пиццерияларға бару шығындарының үлесі тіпті аздап өсіп отыр. Көрсеткішке ойыссақ, 1,7 пайыздан 2,2 пайызға артқан. Ақшамен есептегенде «Сыртта тамақ ішу» санатындағы өсім бір жылда 57,3 пайызды құрады. Егер 2022 жылдың басында қазақстандық орташа есеппен бір тоқсанда фастфуд, кофе және мейрамханадағы кешкі асқа 3,4 мың теңге жұмсаса, биыл қаңтар-наурызда бұл сома 5,3 мың теңгеге дейін өсті.
Қорыта айтқанда, шенділер жалақының өскенін қанша айтса да, шынайы өмірдегі қазақстандықтардың сатып алу қабілеті төмендеп келеді. Демек жалақының өсуінен бұқараға келіп жатқан пайда көп емес.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.