САУРАНДА ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕУ ІСІ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының бір бағыты қалдықтарды терең өңдеуді мақсат етеді. Осы орайда, қазіргі таңда еліміздің әрбір өңірінде аталған бағытта қолға алынып жатқан шаралар жетерлік. Мәселен, Түркістан облысы әкімінің тұрмыстық қатты қалдықтарды жою мен өӊдеу мәселесін шешу туралы тапсырмасын жүзеге асыру бағытында Сауран ауданы Шорнақ ауылдық округінде «Sauran plast» өндіріс орны қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, одан шикізат шығаруды қолға алып отыр.
Аталған жобаны жүзеге асыру үшін арнайы 3 га жер бөлініп, 1 кезеңі атқарылды. Алдағы уақытта өндіріс орны қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы полиэтилен құбырын шығаруды көздеп отыр. Өндіріс орнының басшысы Қанат Көшербаевтың айтуынша, аудан аумағындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, өңдеуде. Алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, осы шикізаттан пластикалық құбыр шығаруды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Жобаның қуаттылығы жылына 500 тоннаға жеткізуді көздеп отыр.
Бүгінгі күні зауытта 15 адам еңбек етеді. Өндірістің жоба құны 675 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда 2-кезеңнің жұмыстары және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету шаралары атқарылуда. Сонымен қатар қосымша құрал-жабдықтар сатып алу үшін екінші деңгейлі банк арқылы 300 млн теңгені қаржыландыру күтілуде. Аудан әкімдігі тарапынан барлық ауылдық округ әкімдеріне ауылдарда жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарын осында өткізу бойынша тапсырма жүктелді.