«АУЫЛ АМАНАТЫНЫҢ» АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ
Түркістан облысы әкімдігінде «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның биыл алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмыстары сараланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған корпорацияның жұмысын жандандыру, қаржыны өңір экономикасына нақты табыс әкелетін жобаларға бағыттау жөнінде тапсырма берді.
«Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыру, Түркістан қаласы аумағында «Азық-түлік белдеуін» қалыптастыру бойынша жұмысты ширату, нақты жұмыс істейтін кәсіпкерлерді тарту жөнінде де міндеттер жүктеді. «Үлкен жобалар бойынша жүйелі жұмыс жоқ. Шашыраңқы жоспарлар көп. Жұмысты күшейтіңіздер. Тиімсіз жобалардан бас тартып, нақты жұмыс істейтін кәсіпкерлермен әріптестік орнатыңыздар. «Ауыл аманаты» бағдарламасын жандандыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы, аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары түсіндіру жұмыстарын, тұрғындарды үйлестіру жағын реттеуі керек. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар. Жыл қорытындысымен қаржы игерілмесе, жауапты тұлғалардың қатаң жауапкершілігі қаралатынын ескертемін» деді Дархан Сатыбалды.
«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаевтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 7,9 млрд теңгенің өтініштері қабылданған. Оның ішінде мақұлданған жобалар – 5 млрд теңгені, қаржыландырылған жобалар 1,1 млрд теңгені құрап отыр. Тұрақтандыру қорына 2022 жылы 1 млрд теңге және 2023 жылдың ақпан айында 3,4 млрд теңге бөлінді. Оның 4,4 млрд теңгесі «Айналым схемасы» бойынша жұмсалып, бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Тұрақтандыру қорындағы өнімдер 2022 жылы 19 сауда нүктесінде сатылса, қазір 50 сауда орнында сатылуда. Осы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 80-ге жеткізу жоспарлануда. Түркістан қаласының келбетіне лайық, көлемі 50 шаршы метрді құрайтын жаңа әлеуметтік дүкендердің санын 50-ге жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі күні 19 әлеуметтік дүкеннің құрылысы аяқталып, 10-ы пайдалануға берілген.
Жиында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның құрамындағы қаржылық ұйымдардың көрсеткіштері, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларының барысы туралы айтылды. Бүгінгі таңда жалпы құны 35,6 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылуда. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша акционерлік қоғамның таза табысы 480 млн теңгені құрады. Жыл қорытындысы жоспар бойынша 1,5 млрд теңгені құрайды деп күтіліп отыр.