ШЫМКЕНТ: 700-ДЕН АСТАМ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ «ҚАНДАС» МӘРТЕБЕСІН АЛДЫ
Үшінші мегаполиске жыл басынан 506 отбасы оралып, 714 этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды. 6 айға кандас мәртебесін ұзартқандар саны 34 отбасынан 46 адамды құраған. «Қандас» мәртебесін алған азаматтардың 384-і — ер адам және 330-ы — әйел адам.
Олардың 199-ы — 18 жасқа дейінгі жастар, 49-ы зейнеткер және қалған 466-сы еңбекке қабілетті азаматтар. Оның ішінде 74 адам жоғары білімге, 218 орта арнайы білімге, 156 азамат жалпы орта білімге ие. Қандастардың дені — Өзбекстан Республикасынан қоныс аударғандар. Көрші елден 701 адам тарихи отанына оралып отыр. Ал Қытайдан 3 адам, Ресейден 7 азамат, Қырғызстаннан 1 және Ауғанстаннан 2 адам келген. Қоныс аударған қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істеп, сауда-саттықпен және басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысуда.
Шымкентте оларға қолдау көрсету мақсатында 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Орталықта бүгінде 13 отбасынан 29 адамға бейімдеу қызметтері көрсетілуде. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты орталықта қандастарға тұрмыстық, әлеуметтік, психологиялық, құқықтық тұрғыда көмектер ұсынылып, кәсіби даярлау бойынша мамандықтарға оқыту, жұмысқа орналастыру қызметтері көрсетіледі.
Соңғы деректерге сүйенсек, қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 69 қандас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарына, жастар практикасы және әлеуметтік, алғашкы және қоғамдық жұмыс орындарына жолданған. 39 адам «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде білім алған.