АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы мамыр айында Қытайдың Сиань қаласындағы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, қытайлық іскерлік орта өкілдерін серіктестікті нығайтуға шақырып, өзара, оның ішінде өңіраралық ынтымақтастықты түрлі деңгейде жандандыру қажет екенін атап өткен болатын.
Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыстық басқармаларға, аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру бағытында нақты тапсырмалар жүктелді. Биыл 1-8 шілде аралығында Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен, басқарма басшысы Н.Мырзахметовтың басшылығымен Келес, Сарыағаш, Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандарының әкімдері, «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері және кәсіпкерлер бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Сапардың негізгі мақсаты – облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашуға инвесторларды тарту және халықтың әл-ауқатын арттыру.
Бағдарлама бойынша облыстық делегация өкілдері Үрімші қаласындағы өндірістік кәсіпорындармен танысты. Бірінші «Хи Ки Джи» зауытында болып, зауыт өкілдері өндірілген биологиялық тыңайтқыштың технологиялық мүмкіндіктерімен, оның көмегімен тіпті тропикалық жемістерді құмды топырақта да өсіру жолымен және «ақылды жылыжай» технологиясымен таныстырды. Одан кейін Түркістан өңірінің делегациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және буып-түю құрал-жабдықтарын шығаратын және жеткізіп беретін зауытпен танысты. Бірнеше кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында техника сатып алуға ниет білдіріп, өзара байланыс орнатылды. Сонымен бірге ауыл шарушылығы техникаларын шығаратын зауыт жұмысы көрсетілді.
Түркістандықтар Боро-Тала қаласындағы «Шонши Хэ» зауытында болып, тұқым өндіру, мақта өсіру және оны өндеу, жіп шығару технологиясымен танысты. Зауыт басшылығы Мақтаарал ауданына инвестиция салуға ниет білдірді. Делегация Чжэнджоу қаласында шаһар басшылығымен екіжақты кездесу өткізіп, Түркістан облысына келуге шақырды. Оған қоса өңдірістік компаниялармен танысты. Атап айтқанда, «Zhengzhou New Rural Vegetable Food Co. ltd.» компаниясының өндірісін аралап, технологиясын көрді. Бұл компания соя шығару және жеткізу бойынша танымал. Жүн мен былғары өңдеп, олардан автомобиль орындықтарын, автомобиль кілемшелерін және басқа да интерьер заттарын шығаратын «Henan Nile Industria» компаниясының жұмысы да сараланып, тәжірибе алмасылды.
Бағдарлама бойынша облыстық делегация өкілдері 5-6 шілдеде Джоукоу қаласында болды. Мақта өңдеу, жіп шығару және тігін өнеркәсібі бойынша үш кәсіпорынмен келіссөз жүргізді. Оның ішінде «Alben Clothing Co., Ltd., Shengtai Textile» ірі брендтік компаниясының киім тігумен айналысатын тігін фабрикасының жұмысымен кеңінен танысты. Нәтижесінде компания басшысы Түркістан облысына келуге ниет білдірді. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде кәсіпкерлер үшін жабдық өндірушілермен байланыс орнатылды. Шегелер мен жабдықтар өндірісі, жылыжай жағдайында пайдалануға арналған жіптер өндірісі, тұрмыстық бұйымдар өндірісі, балалар ойыншықтарын шығару, пластмассаны қайта өңдеу жабдықтарын сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілді.
6-7-шілдеде Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М.Қарабаевтың төрағалығымен қытайлық инвесторлармен екіжақты кездесулерге қатысты. Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов Қытай Халық Республикасының «Office of International Trade Chaina National Textile & Apparel Councill» мақта қауымдастығымен кездесу өткізді. Қауымдастық тәжірибе алмасу мақсатында тығыз байланыста жұмыс істеуге ниетін білдірді. Іссапар нәтижесінде Түркістан облысына тігін, тоқыма, мақта өндеу және ет өнімдерін терең өңдеу бағыттарына инвесторлар тартуға қол жеткізілді.