КЕЛЕСТЕ КАНАЛДАР МЕН ҚАШЫРТҚЫЛАР МЕХАНИКАЛЫҚ ТАЗАЛАУДАН ӨТУДЕ

Түркістан облысына қарасты Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округінен «Ауыл аманаты» пилоттық бағдарламасына 20 жоба ұсынылған. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындармен кездесуінде айтты.

Бастапқыда тек мал бордақылау, балық және жылыжай салу бойынша құжаттар қаралса, қазіргі таңда шағын кәсіп ашуға да басымдық беріліп отыр. «Өткен аптаның ішінде облыстық тиісті басқармадан өкілдер келіп, Ақтөбе және Біртілек ауылдық округін ресми түрде «Ауыл аманаты» жобасына енгізді. Кәсіп бастаймыз деген азаматтарды сүйемелдеуге дайынбыз. Сонымен қатар алдыңғы кездесуде көтерілген мәселелерді шешу бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтсам, Жуантөбе, Көгерту, Ескіқорған Ғ.Мұратбаев елді мекендеріне мектеп құрылысын жүргізу мәселесі бар. 2023 жылы Ғ.Мұратбаев елді мекені аумағынан 600 орындық жайлы мектеп құрылысы басталмақ. Жуантөбе, Көгерту, Ескіқорған елді мекендері аумағынан 300 орындық мектеп құрылысы 2024-2025 жылдар аралығында жүргізілмек» деді Жәнібек Есенұлы.
Сонымен қатар, ауданда тұрғындар сұранысы негізінде каналдар мен қашыртқылар механикалық тазалаудан өткізіліп жатыр. Оның ішінде Ошақты ауылдық округі аумағындағы Жиделі каналына механикалық әдіспен тазалау жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта Теріс каналының 17 шақырымы мен Тешебай және Қуандық каналдары да механикалық әдіспен тазаланады деп жоспарланған.