АУДАН БАСШЫСЫ ШАРУАЛАРҒА АҒЫН СУ ЖЕТКІЗУ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Еңбекші ауылдық округі Т.Жайлыбаев елді мекенінде орналасқан Достық магистралды каналының 73 пикетінде ағын су қауымдастықтарының басшыларымен кездесу өткізді.

Жиынға магистралды каналдың басшысы А.Жанботаев, «Қазсушар» РМК бөлімшесінің бастығы С.Тойтанов, ауыл шаруашылығы саласына жауапты мамандар және су таратушы ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив басшылары қатысты.
Кездесу барысында аудан басшысы алдағы жазғы маусымда ағын судың тапшы болатындығын назарларына жеткізе отырып, мейлінше қолда бар суды үнемдеп пайдалану керектігін түсіндірді. Сонымен қатар кооператив басшыларына су беріп отырған барлық канал-қашыртқыларды ішкі жүйесімен бірге тазалау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Бүгінгі таңда аудан аумағында ерте еккен бақша және күріш дақылдарын суғару жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың маусым айының соңында ашық қауындарды суғару жұмыстары басталатын болса, шілде айының басында мақта дақылдарын суғару жұмыстары жүргізілетін болады.