ЖАЛАҚЫНЫҢ ӨСУІ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМСЫЗ ӨМІР СҮРУІНЕ ӘСЕР ЕТЕ АЛМАЙ КЕЛЕДІ

Жыл сайын елімізде жалақы мөлшері артады. Әйткенмен оның қызығын көптің көріп жүргені шамалы. Өйткені қымбатшылық бұқараның екі бүйірінен қысып барады. Жалақының өсетіні турасында ақпарат тараған сәттен бастап, базардағы бағаның құбылып шыға келетініне де әлеуметтің еті үйренген. Бұдан бөлек, сарапшылар кедейлер санының артып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Ендеше жалақының өсуі неліктен әлеуметтің әлеуетіне әсер етпейді? Нені ескермейміз? Жауапты сала басшыларының есебіндегі көрсеткіштер неліктен шынайы өмірмен сәйкес келмейді? Тарқатайық…

Жуырда Finprom.kz кезекті зерттеу нәтижелерін жариялады. Ондағы ақпаратқа сенсек, еліміздің тұрғындарының жалақысы биыл қаңтар-наурыз айларында былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда ақшалай түрде 19,3 пайызға өсті. Әрине, бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен салыстырғанда үлкен көрсеткіш емес. Мәселен, жалақы Арменияда 22,9 пайызға өссе, Қырғызстанда 42,5 пайызға артқан. Әйткенмен біздегі номиналды өсім де жаман емес. Ең өкініштісі, дәл осылай жалақының өсуі халықтың әлеуметтік ахуалының оңалуына әсер ете алған жоқ. Өйткені инфляция аталған өсімді «жеп қойды». Нәтижесінде еліміздегі жалақының сатып алу қабілеті өсудің орнына 0,6 пайызға кеміп шыға келген. Мұнымен Қазақстан осы кезеңдегі нақты жалақы индексі 100 пайыздық белгіден төмен болған Еуразиялық экономикалық одақтағы жалғыз ел болып отыр. Ал өзге елдердегі нақты жалақы өсім көрсеткен. Нақтырағы, сатып алу қабілетінің өсімі Беларусьте 1,7 пайызды, Ресейде 1,9 пайызды құраған. Ал Арменияда бұл көрсеткіш 14,6 пайыз болса, Қырғызстанда 24,2 пайыз шамасында. Осы тұста айта кетерлігі, ала тақиялы ағайынның жалақысы айтарлықтай артқанымен, ЕАЭО елдеріндегі ең аз жалақы күйінде қалып отыр. Нақтырағы, биылдың алғашқы 3 айында бұл елдегі орташа айлық атаулы жалақы 354 АҚШ доллар болған. Біздегі орташа көрсеткіш – 749 АҚШ доллары.
Енді еліміздегі салаларға ойысайық. Көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстандағы 19 қызмет түрінің 9-да биыл қаңтар-наурыз айларында нақты жалақы индекстері 100 пайыздан төмен болған. Олардың қатарында 97,3 пайызбен денсаулық сақтау, 93 пайызбен білім, 98-99 пайызбен коммуналдық қызмет секілді бюджеттік салалармен қатар, 93,8 пайызбен сараптамалық және 96,3 пайызбен қаржы және сақтандыру салалары бар. Жалақының нақты өсуі байқалған жалғыз сала – құрылыс. Статистикалық есептерге сүйенсек, құрылыс саласы жұмысшыларының жалақысының сатып алу қабілеті бірінші тоқсанда 12,1 пайызға артқан. Ақпарат және байланыста 8,6 пайызға, әкімшілік қызметте 7,3 пайызға өсім көрсеткен.
Енді мәселенің себебіне тоқталайық. Нақты жалақы индексінің көрсеткіші тұтыну бағасының өсуіне тікелей байланысты. Былтыр мамырдан бері Қазақстандағы инфляцияның ең жоғары деңгейі 2023 жылғы қаңтар-наурыз аралығында байқалды. Нәтижесінде биыл сәуір айында қазақстандықтардың жалақысының сатып алу қабілеті бір жылда 1,6 пайызға, мамырда 4 пайызға төмендеді. Біздегі бағаның өсу жылдамдығы өте жоғары. Қазақстандағы қымбатшылық Қырғызстанды да, алапат санкцияға ұшыраған Ресейді де басып озған. Мәселен, қаңтар мен наурыз аралығында біздегі азық-түлік тауарлары 24,2 пайызға қымбаттаса, Ресейдегі баға небәрі 8,6 пайызға өскен. Жалпы жоғарыда атап өткен одақ елдеріндегі бағаның орташа көтерілуі 10,6 пайыз шамасында. Осының өзі көп нәрседен хабар береді. Азық-түлікті былай қойғанда, киім-кешек бойынша да қымбатшылықты құрықтай алмай келеміз. Баға жөнімен кеткен. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі киімнің орташа қымбаттау көрсеткіші 7,2 пайыз болса, бізде – 17,2 пайыз.
Сарапшылар мұндай үлкен қымбатшылықтың артында Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жатқанын алға тартады. Еуразиялық экономикалық комиссия статистикасына сүйенсек, 2022 жылдың төртінші тоқсанынан бастап ҚР Ұлттық банкі ЕАЭО-дағы ең жоғары базалық мөлшерлемені ұстап тұр. Оның мөлшері — 16,75 пайыз. Бұл экономиканың барлық саласына әсер ететін Қазақстандағы несиелер ең қымбат екенін білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияны ауыздықтау тапсырмасын жүктегені белгілі. Бүгінде бұл бойынша бірқатар шаралардың атқарылып жатқаны да бесенеден белгілі. Дегенмен көрсеткіштерге сүйенсек, биылғы жылы инфляцияны 7,5-9,5 пайыз деңгейінде ұстау жоспары да орындалмай қалатын тәрізді.
Қорыта айтсақ, жалақының өсуінен бұқараның жағдайы жақсарып, тұрмысы түзеліп жатқан жоқ. Азық-түлік пен киім-кешекке келгенде импортқа иек артудан әріге аса алмай отырғанымыздың кесірінен базардағы баға қымбаттап шыға келді. Қымбатшылық қысқан халық екінші деңгейлі банктерге жүгініп, қайтарымы қымбатқа түсетін несиені рәсімдеуге мәжбүр. Кәсіпкерлердің де ахуалы осыған ұқсас. Ал жауапты сала басшыларының есебінде тек өсім жайы сөз болады. Әлеуметтің әлеуетіне оң әсер ете алмайтын өсім тек есеп үшін ғана қажет болмаса, игілігін халықтың көріп жатқаны шамалы…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.