ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕР ӘЛЕМНІҢ 67 ЕЛІНЕ ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Ауыл шаруашылығы бойынша Қазақстанның әлеуеті жоғары екені жиі сөз болады. Халықаралық геосаяси оқиғалардың шиеленісуімен жаңа нарықтардың ашылып жатқаны да баршаға белгілі. Ал мұны дер кезінде пайдалана алдық па? Аграрлық саланың әлеуеті қандай? Диқандардың маңдай тері сіңген отандық өнімдер сыртқы нарықтарға шығып жатыр ма? Тарқатайық…

Астана халықаралық форумы шеңберінде панельдік сессияға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев былтыр Қазақстан шет елдерге қандай тауарлар экспорттағанын айтты. Ведомство басшысының сөзінше, өткен жылы ауыл шаруашылығы тауарларының жекелеген түрлеріне экспорттық шектеу қойылды. Дегенмен ол саланың дамуына кері әсер етпеген. Мәселен, 2022 жылы агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттаудан түскен пайда 5,6 млрд доллар болды. Бұл пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 46%-ға көп. Атап айтқанда, шетелдік нарықтарға бидайды шығару – 34,7%-ға, майлы дақылдарды жөнелту 66%-ға артқан.
Министрдің сөзіне сай, бұл ретте экспортқа дайын өнімдер көп шығарылған. Бүгінде Қазақстан әлемнің 67 елінің нарығына 531 ауыл шаруашылығы өнімін шығарады. Бұдан бөлек, былтыр ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 2 млрд доллар инвестиция тартылған. Сондай-ақ азық-түлік тауарларының өндірісі 4%-ға артып, 6,5 млрд долларға жеткен.

Ж.БАЛАУСА