ӨЗІМІЗ ӨНДІРМЕСЕК, ЖАТ ЖАРЫЛҚАМАЙДЫ
көкөніс неліктен қоймадан қоқысқа кетіп жатыр?
Елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға барша мүмкіндік бар. Әйткенмен бұл мүмкіндіктің жүзеге аспай келе жатқанына жылдар болды. Әйтпегенде ше, маусымаралық кезеңде көкөніс пен жемісті шеттен тасимыз. Ішкі нарықтағы сұранысты толықтай қамти алмай отырғанымыз тағы бар. Кейде дайын өнімнің өзін шірітіп, қоқысқа тастап жатамыз. Мұның зиянын көруші – тек халық. Себебі қымбатшылық қысып барады. Отандық өніммен өзімізді қамтымасақ, жаттың жарылқамайтыны белгілі. Ендеше бұл бағытта қандай мәселелер бар? Бүгінгі материалымызда дәл осы сауалға жауап табуға тырысамыз…
Дәл қазіргі уақытта көкөніс пен жеміс өсіруді жаппай қолға алудың пайдасы аз. Қазіргі қарқынды еселеп арттырғанымызбен, базардағы баға өзгермеуі мүмкін. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені көкөніс пен жеміс-жидектерді көктемге дейін сақтау үшін Қазақстанда картоп сақтау қоймаларының қуатын үш есе, жеміс-жидек сақтайтын қоймаларды екі есе арттыру қажет. Мұндай қоймаларды салу қарқынына қарағанда, бұл мақсаттар 2025 жылдың соңына дейін орындалмайды. Бұл туралы Еnergyprom.kz жариялаған зерттеуде айтылған. Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде 1,2 мыңнан астам жеміс-көкөніс қоймалары бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 2022 жылы 1,9 млн тоннаны құрады. Бұл ретте елімізде былтыр жалпы 6,5 млн тоннадан астам көкөніс жиналған. Картопты, басқа да көкөністер мен жемістерді сақтау жағдайларының сипаттамаларына сүйене отырып, мұндай қоймалар үш санатқа бөлінеді. Көкөністерді контейнерлерде сақтауға арналған қоймалар ең көбі — 770. Онда 1,3 млн тоннадан астам сәбіз, қызылша, қырыққабат, пияз сақтауға болады. ҚР Сауда және интеграция министрлігі сарапшылары жүргізген талдауға сүйенсек, елімізде бұл көкөністерді сақтау қуаттылығы жеткілікті деуге болады. Тапшылық небәрі 3,1% шамасында.
Әйткенмен қалған екі санат, яғни картоп сақтау және жеміс сақтау қоймалары Қазақстанда тапшы. Біріншісінің қуаты жыл сайын жиналатын өнімнің небәрі 36,5%-ын сақтауға ғана жетеді. Жемістерді де тиісті деңгейде сақтай алмаймыз. Нақтырағы, қазіргі қоймалардың қуаттылығы көктемге дейін сақталуы тиіс жемістердің тек 43,8%-ына ғана жеткілікті. Жалпы 2022 жылдың соңында барлық үш сақтау санатындағы орташа тапшылық деңгейі 35,4% болды. Міне, осыдан кейін базардағы баға құбыла түседі. Дәл осы оймен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те келіседі. Өйткені жылы желдетілетін қоймаларсыз бұл өнімдерді тауарлы күйінде сақтау өте қиын. Бұл өз кезегінде нарықта импорттың артуына және маусымаралық кезеңде бағаның өсуіне әкеледі. Рас, өткен жылғы қымбатшылыққа өзге де ішкі және сыртқы факторлардың әсер еткені белгілі. Мәселен, 2022 жылдың наурыз-сәуір айларындағы Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс салдарынан болған дағдарысқа байланысты көптеген тауарлар, соның ішінде көкөніс те қымбаттады. Нақтырағы, қырыққабат бағасы 3 есеге жуық, картоп 37,8%-ға, сәбіз 42,3%-ға, қызылша 74%-ға, пияз 34,2%-ға шарықтап шыға келді. Дегенмен биылғы көрсеткіштерді сараласақ, министр айтқан мәселенің бағаға әсер еткенін айқын аңғарамыз. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан импортқа тәуелді көкөністердің бағасы ең көп өскен. Ең алдымен, бұл — қырыққабат пен пияз. Қырыққабатты қазақстандықтар ішкі нарыққа қажетті көлемнің 83,4%-ын, пияздың 98,4%-ын өсіреді. Соңғысын агрессивті түрде экспорттамағанда, импортсыз да жеткілікті болар еді. Ішкі нарықта пияз тапшы болса да, жеткізушілер оларды тұрақты түрде шетелге сатуға жіберетін. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстаннан 178,6 мың тонна пияз экспортталды. Ал бұл көлем импорт есебінен өтелуге тиіс болды. Ол 196,4 мың тоннаны құрады. Осы себепті ҚР Сыртқы саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы тіпті экспортқа уақытша тыйым салуға, кейіннен пиязды сатуға квоталауға дейін барды.
Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, елімізде қоймалардың жеткіліксіз болуымен қатар, жаңа нысандардың қажет құрал-жабдықтармен қамтылмау мәселесі де бар. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, еліміздегі 1,2 мың көкөніс қоймасының тек 16,6%-ы ғана тоңазытқыштармен, микроклиматты және белгілі бір ылғалдылық деңгейін құру жүйелерімен жабдықталған. Бұл аспектілер өте маңызды, өйткені арнайы сақтау шарттары болмаса, қоймалардағы пияз жай ғана шіріп, сәбіз кеуіп кетеді. Бұған қатысты деректер де жоқ емес. Мәселен, жуырда Қызылордада тұрақтандыру қорының қоймаларынан 126 тонна бұзылған көкөніс қоқысқа тасталды. Яғни бағаны ұстап тұру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тарапынан қыруар қаржыға сатып алынған көкөністің әлеуметке пайдасы тиген жоқ.
Аталған мәселе ел Президентінің де бақылауында. Мәселен мемлекет басшысы өзінің твиттердегі парақшасында қоймаларда дұрыс сақтамау салдарынан егін шығыны жиналған өнімнің жалпы көлемінің 35-40%-ын құрайтынын жазды. Бұл жағдайға еліміздегі көкөніс қоймаларының үштен бір бөлігінің 20 жылдан астам жұмыс істеп тұрғаны да әсер етіп отыр. Қажеттіліктерді ескере отырып, Қазақстанда жаңа қоймаларды салу қарқыны төмен болып қалуда. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2021-2022 жылдары сыйымдылығы 181 мың тоннадан асатын көкөніс қоймалары салынды. 2023 жылы тағы 104,6 мың тонна көкөніс сақтайтын қоймаларды пайдалануға беру жоспарлануда. Ведомствоның бағалауынша, бұл жалпы қуат тапшылығын небәрі 4,6 пайыздық тармаққа, 2020 жылғы 36,5%-дан биылғы желтоқсандағы 31,9%-ға дейін қысқартады. Ал 2026 жылдан 2030 жылға дейін сыйымдылығы 180 мың тонна көкөніс сақтау қоймалары салынса, сонда ғана елдің картоп пен жеміс сақтайтын қоймаларға деген қажеттілігі толығымен жабылмақ.
Қорыта айтқанда, қоймалардың тапшылығын жоймай, импортқа иек арту мен базардағы бағаға бақылау орната алмау мәселесі шешілмейді. Оның әлеуметтік қалтасына ауыр салмақ салатыны белгілі. Ал бұл жауапты сала басшыларының ойына кіріп-шыға ма?! Мәселесі осында жатыр…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.