МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ: ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ СҰРАНЫС ҚАНДАЙ?
Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдау сынды үлкен мәселеге тап болады. Жасыратыны жоқ, ата-ананың немесе өзге де туыстардың ықпалымен көңілі қаламаған, қызықпайтын мамандыққа түсіп, оқу бітіргеннен кейін жұмыссыздардың санын толықтырып жатқандар жетерлік. Мұның себебі – еңбек нарығындағы сұраныспен санаспау. Осы орайда, бүгінгі материалымызда еңбек нарығындағы негізгі сұраныстар турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.
Жуырда Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаменті ең сұранысқа ие бағыттардың рейтингін жасады. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 130 мыңнан астам талапкерді қабылдау жоспарлануда, оның ішінде кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 10 мың студент бар. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта еңбек нарығында бірнеше бағыт бойынша мамандықтар үлкен сұранысқа ие болып отыр. Олар — ақпараттық технологиялар, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, геология, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, металлургия және машина жасау, көлік, байланыс, педагогика және медицина.
«Еліміздің колледждерінде барлығы 517 мың студент оқиды, оның ішінде 312 мыңы тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтылған. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы 50 мың орынға артады. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға көбейеді» деп жазды министрліктен. Айта кетейік, мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын студенттер әлеуметтік қолдаумен қамтылады. Оған стипендия және жолақы кіреді.
«Уақыт».