«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ» ЖОБАСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ЖОҒАРЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халық қатысатын бюджет» жобасының тиімділігіне тоқтала келе, оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керегін айтқан болатын. Ел Президентінің сөзінше, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс.

Осы орайда, Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, үшінші мегаполиске қарасты Тұран ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында барлығы 13 балалар ойын алаңшасы салынып, халық игілігіне беріледі. Қазіргі уақытта Құрсай елді мекеніндегі Құлантөбе көшесінде, Ақтас елді мекенінде атауы жоқ көшеде және Бәйдібек би даңғылы 246 мекенжайында балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың тамыз айында толық аяқталып, нысан пайдалануға тапсырылады. Ал жыл соңына дейін Тұран ауданында Құрсай, Қазығұрт, Ақжар, Ақтас, Арғымақ елді мекендерінде, Отырар шағынауданы, Бәйдібек би даңғылы бойында ойын алаңшасы салынады.
Сонымен қатар тұрындықтарға қажет тағы 10 ашық спорт алаңшасы орнатылады. Атап айтқанда, Отырар шағынауданында (№15/1, №41, №55, №13, №11, №40-42), Құрсай елді мекенінде (Сатқанбаев көшесі, Оңдасынов көшесі, Жұлдыз көшесі) спорт алаңшаларының құрылысы жүргізіледі. Қазіргі уақытта Жарқынбеков №17, Бәйдібек би №246, Мангельдин 40, Отырар №52 көп қабатты тұрғын үй аулаларында және Құрсай елді мекеніндегі Құлантөбе, Ұзынағаш көшелерінде, Ақтас және Арғымақ елді мекендерінде құрылыс жұмысы қарқын алды. Бекітілген жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары шілде айының соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта аудан бойынша 366 ойын алаңшасы бар.