ЕЛІМІЗДЕГІ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІНІҢ ТОЗУ ДЕҢГЕЙІ 66 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАЙДЫ
Елімізде инженерлік инфрақұрылым саласында мәселе көп. Екібастұздағы жағдайдан кейін көп былықтың беті ашылғаны да белгілі. Жалпы Қазақстанда тәуелсіздік жылдары ішінде инженерлік инфрақұрылым саласында күрделі мәселелер көбейді. Осының салдарынан қыстың қақаған аязында бүтін бір қала жылусыз қалды. Мәселе мұнымен шектелмейді. Тарқатайық…
Орта есеппен еліміздегі электр желілерінің 66% тозған. Бұл туралы Энергетика министрлігінің сайтында жарияланған «ҚР энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» жазылған. Нақтырағы «Бүгінгі таңда электр станцияларының өндіруші жабдықтарының 55,5%-ы 30 жылдан, 5,8%-ы 21-30 жылдан, 13,1%-ы 11-20 жылдан, 18,2%-ы 5-10 жылдан және 7,4%-ы 5 жылдан асқан. Электр желілерінің көп бөлігі 1970 жылдары салынған. Елімізде электр желілерінің тозу деңгейі орта есеппен 66% құрайды. Осының салдарынан тасымалдау кезінде электр энергиясының 6-7% жоғалады. Энергетика секторының отын-энергетикалық ресурстарды тиімсіз пайдалануынан басқа, жоғарыда аталған проблемалар Қазақстанның энергетикалық жүйесінің жұмыс істеу сенімділігін төмендетеді және бірінші кезекте елдің энергетикалық қауіпсіздігіне және экономиканың тұрақтылығына әсер етеді» делінген құжатта.
Ведомства ақпаратына сәйкес, қазір энергетикалық кешендердің негізгі бөліктерін жөндеу мен олардағы жабдықтарды жаңғырту мүмкіндігі жоқ. Бұған төмен тарифтер себеп болып отыр.