ҮКІМЕТ ҮНЕМДЕУДІ ҮЙРЕНБЕСЕ, ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫҢ КӨБЕЮІ НЕҒАЙБЫЛ

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өтпелі кезеңге тап болды. Сауда сөрелері қаңырап, экономика ауқымды зардап шекті. Әйткенмен оны да еңсердік. Бертін келе болашақ ұрпақтың игілігіне арналған ұлттық қорымызды құрдық. Дәл осы шешім әлемдік дағдарыс пен пандемия кезінде еліміздің экономикасының қаржылық тірегіне айналды. Әйткенмен соңғы жылдары Үкіметтің Ұлттық қорға иек артуы жиілеп барады. Осы тұста тарқатайық…

Ағымдағы жылдың 12 сәуірінде ҚР Ұлттық банкі Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының 2030 жылға дейінгі активтерін басқару тұжырымдамасын жариялады. Жоба «Ашық НҚА» порталына шықты. Мақсат — геосаяси шиеленіс және мұнай бағасы құбылмалы кезеңде Ұлттық қордың ақшасы көбейту. Тұжырымдаманы жүзеге асыру, яғни онда белгіленген шектеулерді, қағидаттар мен тәсілдерді сақтау, ҚР Ұлттық банкінің пікірінше, 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларын жинақтауға және «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасының табысты жұмыс істеуіне ықпал етеді. Қош делік, кейінгі мақсаттың жүзеге асуын уақыт көрсетеді. Әйткенмен алғашқысының көкейде күдік тудыратыны анық. Неліктен? Бізде әдетте әлдебір бастаманы қолға аларда үйіп-төгіп уәде беру қалыпты құбылысқа айналған. Қала берді, олқылық орын алса, себебін заңға, табиғатқа, сосын жүйеге әкеп тірейтініміз тағы бар. Бұл бастаманы да саралап көрелік. Ranking.kz зерттеуіне сүйенсек, 2023 жылдың наурыз айының соңына қарай ҚР Ұлттық қорының активі 58,4 млрд АҚШ долларын құрады. Яғни 7 жылдан аз уақытта Ұлттық қордың активтері 71% немесе 41,6 млрд АҚШ долларына өсуі керек деп болжануда. Егер 2014 жылдан бергі жеті жылда Ұлттық қор активтері өспек түгілі азайып кеткенін ескермесеңіз, жоспар орындауға оңай секілді көрінеді. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылғы тамызда Ұлттық қордың активі тұрақты өсім көрсетіп, 77,2 млрд АҚШ долларына жетті. Бірақ одан кейін айтарлықтай құлдырау байқалды. Бүгінгі таңда Ұлттық қордың активтері сол кездегімен салыстырғанда 24,4%-ға немесе 18,8 млрд АҚШ долларына төмендеп кеткен.
Бір қызығы, Ұлттық қор активтерін басқару тәсілдерін жетілдіру елімізде бірінші рет жүзеге асып отырған жоқ. 2016 жылы да болашаққа деп жинаған қаражатымыздың қыруар табыс әкелетінін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған. Міне, сонда Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді және бекітілді, тұрақтандыру портфелінің максималды көлеміне 10 млрд АҚШ доллары шегінде шектеу қойылды. 2019 жылы Ұлттық қордың жинақ портфелінің активін консервативті бөлуден теңгерімді бөлуге көшу басталды. Десе де мұның бәрі қағаздарда жиі көрсетілетін нәтижеге қол жеткізуге себепші бола алған жоқ. Жалпы көрсеткіште қордың активтері төмендеп барады. Яғни Ұлттық банк көздеп отырған 100 млрд АҚШ долларына жету оңай емес. Уақыттың өзі тым қысқа. Қала берді, әлемдегі орын алып жатқан саяси оқиғалардың қалай өзгерерін ешкім де білмейді. Қош делік, жыл сайын өсуі тиіс Ұлттық қорымыз неліктен азайып барады?
Ең салмақты себеп — Ұлттық қорға мұнайдан түсетін табыстан гөрі республикалық бюджетке алатын қаражаттың көп болуы. Ең жоғары мәндер 2017 және 2020 жылдары тіркелді. Ашып айтқанда, 2017 жылы 2,1 трлн теңге түсім болса, алынған ақша 4,4 трлн теңгені құрады. 2020 жылы 1,4 трлн теңге түсім болса, алынған ақша 4,8 трлн теңге болған. Бұл ғана емес. Ұлттық банк жүзеге асырып жатқан инвестициялық қызмет те көңіл көншітпейді. Мұны соңғы 10–15 жыл ішінде активтерді басқарудан алынған кіріс әлемдегі ұқсас тәуелсіз әл-ауқат қорларының табысынан төмен болуымен дәлелдеуге болады. Мәселен, Ұлттық қордың бүкіл тарихында яғни 2000–2022 жылдар аралығында оның орташа жылдық табыстылығы 3,02% болып, шетел валютасындағы активтерді басқарудан түскен инвестициялық кірісі 15,1 млрд АҚШ долларын құраған. Айталық, Норвегия қорының 1998 жылдан бастап 2022 жылдың соңына дейінгі орташа жылдық жиынтық кірісі – 5,7%.
Бұл ғана емес, соңғы 10 жылда Ұлттық қорды басқарудан табыс таппақ түгілі шығынға батқан кездеріміз де бар. Мәселен, 2022 жылды алайық. Былтыр жыл соңында Ұлттық қорды басқарудан 1,4 трлн теңге көлемінде рекордтық шығын тіркелген. Бұдан бөлек, жыл басынан бері, нақтырағы, алғашқы 3 айда қордан 984 миллиард теңге алынған. Рас, бұл кірістен аз. Әйткенмен жоғарыда көрсетілген межеге жету ықтималдығын төмендететінін ұмытпауымыз керек. Қош делік, жоғарыдағы себептерді ескерсек, болашаққа деп жинаған қаржының жуық арада көбейіп, қыруар пайда әкелуі екіталай сияқты. Осы тұста уәкілетті органдарға артылар жауапкершілік айрықша жоғары. Ептілік қажет. Шапшаңдық керек. Ұйқылы-ояу отыратын, қалғып кететін құзырлы органдар қызу іске кіріспесе, ай мен күннің аманында бюджеттің қаражатын қалтаға басып, шекара асып, өзге елдің азаматтығын алатын экс-шенеуніктер онсыз да күдігі көп бастаманың жүзеге асуына жол бере қоймасы анық.
Қорыта айтқанда, тағы бір үлкен мақсат қойылып отыр. Межелі уақытқа жеткенде нақты нәтиже шыға ма әлде ескі әдіспен оны да өзгертеміз бе тағы белгісіз…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.