АСЫЛБЕКОВ КЕЛГЕЛІ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДА ДАУ КӨБЕЙДІ

дәрігерлердің
айтқаны ақиқат па,
жала ма?

Басшылық қызмет – атадан балаға қалатын мұра я болмаса ойға келгенді істейтін орын емес. Жаңа орынға жайғасса, қоластындағы қызметкерлерінің жағасынан алып, ісін сынап, өзін мінеп, қудалауға ұшырату келмеске кеткен. Дәлірегі, солай ойлаушы ек. Өйткені мемлекет басшысы топтала жүретін әкімдер мен министрлерді өткір сынаған болатын. Нақтырағы, шенді ауысса, шегіркедей секіріп, бөлім мен бөлімшелердің басшылары да ауысып шыға келетінін айқан. Біздің пайымымызша, президенттің сөзі өзгелерге пәрмен болуы тиіс еді. Әйткенмен оны ескермек түгілі елемегендер де бар сияқты. Бұлай деуіміздің өзіндік себебі де жоқ емес. Жуырда Шымкентте бір шудың басы қылт ете қалды.

Әдетте аса мән бермеуші едік. Сөйтсек бұған дейін буы бұрқ етіп барып басылған өзге бір оқиғамен үндес екен. Сценарий бір. Әңгімені әріден бастайық. Өткен жылдың қазан айында қаламыздағы №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, трансплантолог Абылай Донбай телеграмм канал арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап, үндеу жолдады. Аңғарғанымыз, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков тарапынан қудалау болған. Үндеуде «Соңғы екі айдан бері қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков ізіме түсті. Екі айдан бері ота жасап, науқастарға кеңес беруге, жұмыс істеуге мұрша бермей жатыр. Негізсіз арыз ұйымдастырды. Осы арыздар негізінде түрлі құқық қорғау органдары жиырмаға жуық тексеру жүргізді. Бірақ ешбірі дәлел таппады» деді дәрігер. Қош делік, Донбайдың айтуынша, Асылбеков арнайы блогер де жалдап, бас дәрігердің артына шам ала түседі. Мекемедегі бірнеше қызметкерге арыз жазғызбақ болады. Анонимді каналдар арқылы теріс пікірлерді оқша жаудырып, орнынан алмаққа әрекет жасайды. Міне, осылайша тұрғындардың деніне саулық, ауруына араша сұрап жүгінетін ауруханадағы тыныштық бұзылған.
Артынша тиісті сала басқармасы ресми жауап берді. Онда «Денсаулық сақтау басқармасы және басқарма басшысы тарапынан бас дәрігер Донбайға қатысты қысым көрсетілмеген, ауруханаға шағымдар негізінде заңды тексеру жүргізілген, нәтижесінде кемшіліктер анықталды, соған сай тиісті шаралар қабылданады» деп жазылды. Жасыратыны жоқ, дәл осы оқиға әлеуметтік желідегі ағайынның ойын сан саққа жүгіртті. Десе де сиырқұйымшақтанып барып, басылды. Бас дәрігер өз орнында қалды. Осымен саладағы мәселе бітті деп ойлағанбыз. Сөйтсек, тағы қателесіппіз.
Жыл аяғында тағы бір дау шыға келді. Бұл жолы Шымкенттегі № 4 қалалық поликлиникасында бас дәрігердің міндетін атқарушы Гүлмира Нұрбекова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады. Нақтырағы дәрігер «Асылбеков Нұрлыбек Абибұллаұлы өз қызметіне тағайындалғалы сол кісі тарапынан қудалау, аңду, психологиялық қысымдар көріп келемін. Ол үнемі мен жұмыс істейтін поликлиникада бітпейтін әрі еш негізсіз тексерістер ұйымдастырып отырады. Бүкіл қалалық жиындарда болмашы кемшіліктерді айтып, орнымнан тұрғызып, психологиялық қысым көрсетеді. Олай дейтінім, тура сондай кемшіліктер, кішігірім мәселелер басқа поликлиникаларда болса да барлығы маған қаратыла, менің атыма айтылады» деді. Арадағы дау бас дәрігерді тағайындау конкурсынан басталған сыңайлы. Нұрбекованың айтуынша, дәл осы орынға өз кандидатурасын ұсынғаннан кейін қым-қуыт әрекеттер көбейген. Артынша, аталған конкурс өтіп, бас дәрігер лауазымына Асылбековтың орынбасары Айгүл Бекбауова тағайындалады. Нұрбекованың айтуынша, конкурстың өтуінде шикілік бар. Артынша сот та өтті. Сот Бекбауованы бас дәрігер етіп тағайындаған басқарманың бұйрығын заңсыз деп тапқан. Міне, осы уақыттан бастап, Нұрбекованың айтуынша, қысым күшейе түскен. Тіпті, өңірге іссапармен келген ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғалиевпен кездесуге барып, заңсыздықтар мен өзіне жасалған қысым жайында айтпақ болғанда бас дәрігер көмекшілерімен бірге Нұрбекованы залдан қуып шыққан. Міне, осылайша тағы бір денсаулық сақтау мекемесінде үлкен дау өршіп шыға келді.
Қош делік, бір емес екі ауруханада басшылық қызметте отырған ақ халаттылардың президенттен араша сұрап, үндеу жариялауының астарында не жатыр? Олардың Асылбеков келгелі қысым көруі сәйкестік пе? «Жаптым жала, жақтым күйе» болса, қаланың бас дәрігері БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз брифингін беріп, ақпараттың анық-қанығын жеткізуге неге асықпайды? Сұрақ көп. Ал басқарма басшысы өз шындығын айтуға асығар емес. Осы материалдан кейін айтылған сынды сыпырып тастайтын нақты дәлелдері болса, басқарма басшысымен сұхбаттасуға дайын екенімізді ескертеміз…

С.НҰРАЙ.