ҰЛЫБРИТАНИЯДА АЗИЯДАН ШЫҚҚАН САЯСАТКЕРЛЕР БИЛІККЕ КЕЛЕ БАСТАДЫ

Сейсенбі күні Шотландия үкіметінің жаңа басшысы болып сайланған 37 жастағы Хумза Юсаф Азиядан шыққан кезекті жоғары дәрежелі британдық саясаткер болды. Бұл Азиядан шыққан алғашқы ірі лауазым иесі емес. Тарқатайық…

Шотландияның ең жас министрі

Глазгода туып-өскен Хумза Юсаф 1999 жылы Шотландия парламенті құрылғаннан бергі бірінші ең жас министр ғана емес, бұл қызметтегі алғашқы мұсылман болды.

Хумза Юсафтың әкесі Пәкістаннан Шотландияға 1962 жылы қоныс аударған. Саясаткердің өзі небәрі 7 жылда қатардағы партия мүшесінен Шотландия Үкіметінің халықаралық даму министрі атанған. «Біз бүгін терінің түсі немесе діни наным-сенім бәріміз «үй» деп атайтын елді басқаруға кедергі емес екенін анық көрсеткенімізді мақтан тұтуымыз керек» деген еді Шотландияның бірінші министрі болып сайланған Хумза Юсаф. Саясаткер Глазгодағы жеке мектепті бітірген, содан кейін жергілікті университетте оқуын жалғастырған. Айта кетсек, сол оқу орынында шотланд лейбористерінің жетекшісі, 40 жастағы Анас Сарвар да оқыған. Анас Сарвардың да әкесі – Пәкістаннан шыққан мұсылман, ол 1976 жылы Шотландияға көшіп, Ұлыбританиядағы алғашқы мұсылман депутат болған. Анас Сарвар 2010 жылы тіс дәрігері мансабынан бас тартып, саясаткер болуды ұйғарады. Сол жылы ол британ парламентінің депутаты болып сайланды және 11 жылдан кейін Шотландия лейбористерінің жетекшісіне айналды.

Риши Сунак – Ұлыбритания
премьер-министрі

Премьер-министр, Лондон мэрі, ішкі істер министрі және шотландтық лейбористердің жетекшісі – Тұманды Альбионға жақсы өмір іздеп келген азиялық мигранттардың балалары. Хумза Юсаф пен Анас Сарвардың ата-аналары білімнің құндылығын түсініп, балаларына жеке мектептерде оқуға мүмкіндік беру үшін көп жұмыс істеген. Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак та – элиталық білім берудің құндылығы туралы айтудан жасқанбайтындардың бірі. «Менің ата-анам жақсы мектептерге баруым үшін көп нәрсені құрбан етті» деген Риши Сунак.

Саясаткердің ата-анасы Үндістаннан шыққан, Ұлыбританияға Шығыс Африкадан келген. Саясаткердің өзі 1980 жылы Саутгемптонда туды, әкесі – терапевт, ал анасы дәріханаға иелік еткен. Риши Сунак элиталық Винчестер колледжі жеке мектебінде оқыған. Содан кейін Оксфордқа түсіп, онда философия, саясат және экономиканы меңгерді. Ол үндістандық миллиардердің қызы және ірі Infosys компаниясының негізін қалаушы Акшата Муртиге үйленген. 2001 жылдан 2004 жылға дейін Сунак Goldman Sachs-те талдаушы болып жұмыс істеді, содан кейін екі хедж-қордың серіктесі болды.
2015 жылы ол Ұлыбритания парламентінің депутаты, ал 2020 жылдың ақпанында Қаржы министрі болып тағайындалды және бірнеше аптадан кейін басталған пандемия жағдайында Ұлыбритания экономикасын басқарды.
Риши Сунак премьер-министр қызметін 2022 жылдың қазан айында экономика үшін өте қиын сәтте қабылдады. Дәл сол кезде Ұлыбританиядағы инфляция 1981 жылдан бергі ең жоғары деңгейге көтерілген еді.

Суэлла Браверман – Ішкі істер
министрі

Британия ішкі істер министрі, 43 жастағы Суэлла Браверман да жеке мектепке барған, бірақ шығынды өз білімінің арқасында алған стипендиясымен өтеді. Оның анасы – тамиль текті үнді, ал әкесі – Гоа аймағынан шыққан христиан. Отбасы 1960 жылдары Маврикий мен Кениядан Ұлыбританияға қоныс аударған.


Суэлла Браверманның саяси мансабы 2015 жылы басталды, ол Консервативті партияның депутаты болып сайланды және Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуын қолдады. 2020 жылы Борис Джонсон Суэлла Браверманды бас прокурор етіп тағайындады, ал өткен жылғы қазан айында ол ішкі істер министрі болды. Өзінің шығу тегіне қарамастан, Свелла Браверман көші-қон мәселелеріне қатаң көзқарасымен танымал.

Садық Хан – Лондон мэрі

Лондон мэрі, 52 жастағы Садық Хан – аталған бес саясаткердің ішінде жеке мектепте білім алмаған жалғыз адам.

Sadiq Khan attends the signing ceremony for the newly elected Mayor of London, in Southwark Cathedral, London, Britain, May 7, 2016. REUTERS/Yui Mok/Pool — RTX2D878

Ол британ астанасында дүниеге келген, ал ата-анасы Аманулла мен Серхун 1968 жылы Ұлыбританияға Пәкістаннан көшіп келген. Садық Хан – 2016 жылы Ұлыбритания астанасының мэрі болған алғашқы мұсылман. Мектепте ол саясатқа қызығушылық танытып, 15 жасында Лейбористер партиясына қосылған. 2005 жылы Садық Хан парламент депутаттығына кандидатурасын ұсынды және сол жылы парламентке сайланған бес этникалық азшылық өкілдерінің бірі болып жеңіске жетті. 2009 жылы ол лейбористер үкіметінде көлік министрі және Ислам діні кабинетінің бірінші мүшесі болды. Ол кезде британ парламентінің қауымдар палатасында тек төрт мұсылман депутаты болған еді. Риши Сунактың, Анас Сарвардың, Суэлла Браверманның және Хумза Юсафтың ата-аналары орта тапқа жатса, Садық Ханның ата-анасы жұмысшы табынан шыққан. Әкесі – автобус жүргізушісі, ал анасы – тігінші болған. Анас Сарвардың, Хумза Юсафтың және Садық Ханның ата-аналары оларды Исламды құрметтеуге үйреткен. Парламент депутаты ретіндегі алғашқы сөзінде Садық Хан әкесінің Мұхаммед пайғамбардың өсиеттерін үйреткенін есіне алған.