МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ІРІКТЕУДІҢ ЖАҢА АЛГОРИТМІ ЖАСАЛДЫ

Өткен аптада Шымкент қаласындағы ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің басшысы Сұлтанхан Шәкір Асылханұлының қатысуымен брифинг өтті. Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген бірқатар өзгерістер мен өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Тарқатайық…

Енді Мемлекеттік басқару академиясының түлектерін өңірлердегі лауазымдарға, сондай-ақ, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған түлектерді аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындау мүмкіндіктері бар. Ол үшін, біріншіден, жоғары оқу орнын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде аяқтауы (грантпен) қажет. Екіншіден, диплом бойынша GPA баллы 3,33-тен төмен болмауы керек. Мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергіні жоюдың тағы бір жолы – агенттік келісімімен «Б» корпусының жоғары лауазымдарына конкурссыз тікелей тағайындау. Бұл процесс басталып кетті. Мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету жөніндегі Заңы қолданысқа енгізілгеннен кейін, бұл лауазымдарға Агенттіктің келісімімен 31 қызметші тағайындалды. Сонымен қатар Агенттікке біліктілік талаптарды келісу функциясы қайтарылды. Жалпы, қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерлерді конкурссыз тікелей тағайындауларға және біліктілік талаптарға келісім беру тәртібі әзірленуде. Бұл тәртіп бекітілгеннен кейін, ол барлық аумақтық органдарға жіберілетін болады. Сондай-ақ, жоғарыда аталған Заңға сәйкес екі тоқсан бойы төмен бағаланған қызметшіні төмендету, ал төменгі лауазым болмағанда – оны қызметтен шығаруды көздейтін Президент Жарлығының жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдарға жіберілді.
Сонымен қатар Агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу мен оны өткеруді толық цифрландыру арқылы «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізді. «Eqyzmet.gov.kz» жүйесінің сыртқы порталында іске асырылатын мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленді. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдеріне, әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. «Е-қызмет» жүйесінде барлық маңызды ақпараттық жүйелерге интеграция жасалды. Ол, өз кезегінде, мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады. Өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге бұзушылықтарға қатысы бар жоғын тексеру, үміткердің біліктілік талаптарына сай келуін қарау – мұның барлығын жүйе автоматты түрде өзі жасайды. 2023 жылдың 1 наурызынан бастап елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің пилоттық жобасы басталды. Ол 1 наурыздан бастап 31 желтоқсан аралығында 5 мемлекеттік органда өтетін болады. Олар – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Ақмола және Шымкент қаласының әкімдіктері.
Жаңа іріктеу тәсілі бойынша, үміткер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білу тестілеуінен өтеді. Бұл ретте, үміткерлер «eqyzmet.gov.kz» сыртқы интернет — порталында төрт заң бойынша және мемлекеттік тілді білу тестілеуінен 24/7 бойы өту мүмкіндігі берілгендігін атап өту қажет.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға үміткерлерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және заңнамаларын білуге тестілеу бағдарламасы:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тесттің (20 сұрақ) ұзақтығы 20 минут;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» (15 сұрақ), Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларын) (10 сұрақ) бiлуге арналған тесттер. Тестілеуден өту мәндері барлық нормативтік құқықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санынан (55 сұрақ) кемінде 30 дұрыс жауапты және әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауапты құрайды. Тестілерді орындаудың жалпы уақыты 55 минут.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің басшысы Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмін өз сөзінде былайша түсіндіреді «Үміткерлер тестілеуге өтінім беруге қатысты ақпаратты және кеңесті жүйеде немесе уәкілетті органның интернет-ресурсында ала алады. Мемлекеттік органдарда бос лауазымдарға орналасуға конкурс жалпы конкурс өткізу арқылы жүзеге асырылады. Оның бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтитынын атап өткім келеді. Олар — жүйеде конкурс өткізу туралы хабарландыру, жүйе арқылы конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтардың өтінімдерін қабылдау, үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалаудан және үміткердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан өтуі, эссе жазу (басшы лауазымдар үшін міндетті түрде), мемлекеттік органның конкурстық комиссиясында әңгімелесу, конкурс қорытындысын шығару. Осы ретте, конкурс кезеңдерінің нәтижелері бойынша жүйе автоматты түрде конкурс қорытындысын шығаратындығын назарыңызға жеткізгім келеді. Мемлекеттік қызметке іріктеудің уақытша қағидалары аясында конкурстарға қатысатын кандидаттарға көмекші құрал ретінде Агенттік тарапынан арнайы жадынама әзірленді. Жадынамада конкурсқа қатысудың қадамдары, кандидаттарға қойылатын талаптар, тестілеу бағдарламасы, іріктеу және конкурс өткізу кезеңдерінің сипаттамалары, басқа да пайдалы мәліметтер көрсетілген».
Тағы бір ерекшелігі, тестілеу мен эссе жазу кезеңдері жүйеде үміткерлердің тәртіпті сақтауын прокторинг (веб камера) қамтамасыз етеді. Аталған жүйеде іріктеу кезеңдерінде ең төмен баға алған үміткерлерді жүйе автоматты түрде алып тастап отырады. Ал ең үздік 3 үміткерді пилоттық органның сарапшылар комиссиясында әңгімелесу кезеңіне жіберіледі. Сарапшылар комиссиясы алдын ала қалыптастырылатын мемлекеттік органның өкілдерінен, тәуелсіз бағалаушылардан тұрады және оның үштен бір бөлігін бағалаушылар құрайды.