447 АЗАМАТҚА ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ БЕРУ ЖОСПАРЛАНУДА
Өткен аптада Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында «Жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Шағдат Әсет БАҚ өкілдеріне арнап, брифинг өткізген болатын. Аталған жиында әлеуметті алаңдатқан бірқатар бастамалар жайы сөз болды. Тарқатайық…
Спикер әуелі көпшіліктің көкейіндегі сауалға жауап берді. Айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді. Бұл бойынша төмендегі бағыттарға сәйкес жұмыстар жүргізіледі. Яғни аз қамтамасыз етілген отбасыларға ақшалай төлем, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар, яғни оқытуға, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, тұрақты жұмыс орындарына жолдау жұмыстары және жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында грант беру. Сондай-ақ өтініш берушілер атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуы үшін электрондық үкімет веб-порталы арқылы жүгінуге құқылы. Электрондық өтініш берілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде АӘК тағайындау немесе бас тарту туралы шешім қабылданады. Хабарламалар өтініш берушінің «Жеке кабинетіне» автоматты түрде жіберіледі.
Бұдан бөлек, 2023 жылы Ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін 447 азаматқа өтеусіз негізде грант беру жоспарлануда. Ол үшін үміткерлер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек. Олар — еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар. Азаматтар, комиссия отырысында өз идеясы мен бизнес жоспарын қорғап шыққан соң ғана грантқа қол жеткізеді.
Сонымен қатар жиі байқайтын алаяқтық әрекеттер жайы да баспасөз жиынында сөз болды. Соңғы уақыттарда азаматтардың сеніміне кіріп, оңай олжалы болғысы келген алаяқтар атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және қайтарымсыз грант қаражаты бойынша көмек көрсетеміз деп түрлі іс-әрекеттерге баруда. Мәселен, 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырушы азаматтар мен жеке кәсіпкерлер тарапынан жалған құжат пен анықтамалар әзірлеудің 95 фактісі анықталып, құзырлы органдарға жолданды. Бүгінгі таңда зерделеу жұмыстары жалғасуда. Сондықтан алаяқтарға сеніп, сан соғып қалмауға кеңес береміз.