ДӘРІЛІК ЗАТТАР ӨНДІРІСІНДЕГІ ШЫМКЕНТТІҢ ҮЛЕСІ – 35,7 ПАЙЫЗ
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында «Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау» ұлттық жобасының орындалуы мен отандық фармацевтикалық өндіріс барысы талқыланды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният отандық өндіріс үлесін 2029 жылға қарай 50%-ға жеткізу бойынша қойылған Президент тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген Жол картасын таныстырды. Осы тұста айта кетерлігі, Шымкенттің фармацевтикалық кәсіпорындары былтырғы жылы 58 млрд теңгенің препаратын өндірді. Бүгінде елімізде шығарылатын дәрілік заттардың жалпы көлеміндегі мегаполис үлесі – 35,7%-ды құрайды. 6 міндет пен 39 іс-шараны іске асыруды қамтитын Жол картасын орындау мақсатында жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Шымкентте шағын және орта бизнестің дамуына жасалған жағдайлардың арқасында мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Осы мақсатта өңірде бірқатар өндіріс орындары ашылып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі – «KazMedProm» компаниясы. Аталмыш компания өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. «KazMedProm» серіктестігі қазіргі уақытта Қазақстан нарығында толық циклді медициналық қолғаптардың жалғыз өндірушісі болып табылады. Бұл өндіріс орын еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруде игі ықпалы өлшеусіз. Алғашқы өндіріс орындары 2016 жылы іске қосылған. Қазақстан республикасы аумағында қолданылатын № ФД6591154DX фармацевтикалық қызметке мерзімсіз мемлекеттік лицензиясы бар. «KazMedProm» серіктестігі сапа менеджменті жүйесін әзірлеу, енгізу және үздіксіз жақсарту туралы стратегиялық шешім қабылдады және стандарттар талаптарына сәйкестікке сертификаттаудан сәтті өтті және ISO 13485:2016 және ISO 9001 сертификаттарын алды. Мекеме қызметінің негізгі түрі – медициналық қолғап бұйымдарын өндіру. Өндіріс орны қазіргі таңда тәулігіне 170 мың жұп медициналық қолғаптарды шығаруда. 2016 жылдан бастап «KazMedProm» компаниясы медициналық шығын материалдары нарығында жұмыс істей бастады, тек сенімді шикізат жеткізушілерімен ынтымақтаса отырып, барлық өнімдер жаңа технологияларды қолдана отырып және нарықтың соңғы үрдістерін ескере отырып дайындалады.