ЕЛІМІЗДЕ ПИЯЗ ЖЕТКІЛІКТІ
онда баға неге құбылып барады?
Қымбатшылықтың қалыпты құбылысқа айналғаны белгілі. Базардағы баға күн өткен сайын құбылып бара жатыр. Қыстың соңында кейбір тауарлардың қоры азаяры белгілі. Мәселен, жуырда пияздың бағасы шарықтап шыға келді. Осындайда жауапты шенділердің неліктен үнсіз қалатынын түсінбей дал болатынымыз белгілі. Әйткенмен ақ жағалылар араға біраз уақыт салып, бұл мәселеге үн қатты.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин елімізде пияз бағасының қымбаттауына еш негіз жоқ екенін айтты. «Қазір баға тұрақтанып келеді. Елімізде пияз жеткілікті. Сонымен қатар осы өнімнің экспортын жауып тастадық. Пиязды қаппен сатып алудың реті жоқ. Бірақ оның саудасына алып-сатарлар да кірісіп кеткенін байқадық. Елордадағы «Магнум» сауда желісінде пияз 130 теңгеден сатылып жатыр» деді Серік Жұманғарин Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып. Оның айтуынша, жақында «Магнум» сауда желісінің қызметкерлері тиісті тексеріс жүргізіп, арзан өнімді базарға саудаға шығарған 19 адамды анықтады. «Мұндай алып-сатар әрекеттер дұрыс емес. Біз осы тауарды қарапайым халық үшін сақтап, 130 теңге сомасында өткізіп жатырмыз. Сонымен қатар, пияздың сапасы нашар деген уәж айтылды. Осыны тексеріп, сапасы жақсы екенін көрдік» деді министр.
Жуырда ҚР Сыртқы істер министрлігі Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков Жамбыл облысы әкімдігінің өкілдерімен бірге шаруа қожалықтарының қоймаларында пияздың бар-жоғын және жай-күйін тексерген болатын. Оның қорытындысына сенсек, қазір өңір қоймаларында 38 мың тоннаға жуық пияз сақтаулы.
Жамбыл облысы әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтің айтуынша, облыста пияз күзде сатып алынған. Бүгінде бұл көкөніс 40-қа жуық сауда орындарына келісі үшін 115 теңгеден жеткізіліп жатыр. Ал дүкендер 128 теңгеден сатуда. А.Сейсебаев пияз қоры басқа өңірлерге жеткізу үшін де жеткілікті екенін атап өтті. Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков Тараздың сауда нүктелеріне, атап айтқанда, өңірдегі ірі «Вкусная Корзинка» азық-түлік дүкендері желілерінің біріне барды. Дүкендер желісіне облыста 36 сауда нүктесі тиесілі. Бүгінгі таңда сауда желісіндегі пияз қоры 21 тоннаны құрайды, оның 5 тоннасы – дүкен сөрелерінде, ал 16 тоннасы – кәсіпорын қоймасында. Сауда нүктелерінде бір келі пияздың бағасы 128 теңгені құрайды. Қош делік, шенді келетін тұста бағаны өзгертіп тастайтын жағдайларды жиі кездестіреміз. Әйткенмен жауапты сала басшылары кеткеннен кейін баға баз-баяғы қалпына келе қалады. Сондықтан мұндай шаралардың ұзақ мерзімге нәтиже беретініне сену қиын.