10 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапарымен барды. Тұрғындармен еркін пікір алмасып, сұрақтарына жауап берді.
Жиын барысында «Бүгін Отырар ауданына өңірдегі құқық қорғау органдарының, департамент пен басқарма басшылары түгел келіп отыр. Қабылдауға кіріп, пікірлеріңізді ашық айта аласыздар. Өтініштерді тыңдаймыз. Алдағы жоспарларға да арнайы тоқталамыз. Отырардың халқымыз үшін орны айрықша. Түркістанға жақын орналасуы – ауданның дамуына серпін береді. Ауданды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасын табады» деген Дархан Сатыбалды әрбір өтінішті назарға алып, тиісті жауабын берді. Елдің ұсынысын, пікірін тыңдады. Тұрғындар тарапынан жол, мектеп мәселесі, тарихи Отырар кітапханасын жаңғырту, дәрігерлік амбулатория ашу, инфрақұрылым және өзге де ұсыныстарын жеткізді. Дархан Сатыбалды Отырар ауданына сапарында Отырар ауылдық округі аумағынан салынып жатқан қуаттылығы 50 МВТ күн электр станциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. «Arm Wind» ЖШС тапсырысымен салынып жатқан нысанның жоба құны – 14,7 млрд теңге. Жоба толықтай іске қосылғанда 50 адам тұрақты, 310 адам маусымдық жұмыспен қамтылады. Келер жылдың басында пайдалануға беру жоспарланып отырған станция энергия тапшылығын азайтып, өңір экономикасына үлес қоспақ. Осы станция маңында кәсіпкерлермен жүздескен облыс әкімі олардың жобаларымен танысты. Кәсіпкерлікке әрдайым қолдау көрсетілетінін айтты.
Одан кейін өңір басшысы Шәуілдір ауылына табиғи газ қосу шарасына қатысты. Шәуілдір ауылын табиғи газбен қамтитын газ құбыры жүйесі құрылысы 4 жыл жүргізіліп, биыл пайдалануға беріліп отыр. Оның құрылысы облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізілді. Жалпы ұзындығы 78,414 шақырымды құрайды. Жоба аясында 1615 тұрғын үй немесе 10 мыңға жуық адам табиғи газбен қамтылады. Енді тұрғындар келіп тұрған газды үйлеріне кіргізуі тиіс. Басшыларға ризашылығын білдірген тұрғындар аудандағы игі істер жалғаса берсін деген тілектерін жеткізді.
Өңір басшысы Отырар аудандық «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде де болды. Белсенді және салауатты өмір салтын ұстану, зейнет жасындағы қариялардың белсенділігін арттыру, зияткерлік, қоғамдық, шығармашылық өмірге тарту мақсатында ашылған орталықта 14 адам тұрақты түрде қызмет көрсетеді. 2022 жылдың 18 қаңтарынан бастап іске қосылған орталық қарттарға әлеуметтік-медициналық, психологиялық және өзге де қызметтерді ұсынады. Аға буынның алаңсыз тынығуына барлық жағдай жасалған.