ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСАДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірде энергетика саласын дамыту, тарифтерді қадағалау, осы саладағы инфрақұрылымды жақсарту мәселелері талқыланды. Мәжіліске жауапты басқарма басшылары, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Мурат Ибрагимов, «Энергопоток» ЖШС-нің бас директоры Айгерім Кушкумбаева, «Қазақстанның коммуналдық жүйелері» ЖШС-нің бас директоры Наби Айтжанов және өзге де азаматтар қатысты.
Облыс әкімі инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында қуат көздерін арттыру мәселесін көтерді. «Түркістан облысының тұрғындары негізінен ауылды елді мекендерде тұрады. Оларды сапалы инфрақұрылым, электр қуатымен қамту – маңызды міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Сонымен бірге еркін экономикалық және индустриалды аймақтарда қуаты жоғары әрі бағасы қолжетімді электрмен қамтуымыз керек. Тарифтер мәселесі де жауапты мекеме арқылы тұрақты зерделенеді» деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, өңірде энергетика саласында ауқымды жұмыстар атқарылған. Облыстағы 831 елді мекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған, қалған 16 елді мекен дербес электр қондырғыдан электр қуатын пайдалануда. Биыл электрмен қамтамасыз ету нысандарының құрылысына 13,1 млрд теңге қаралып, 40 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 8-інің құрылысы биыл аяқталып пайдалануға беріледі. Ал қалған 32 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. 2024-2025 жылдары Түркістан қаласында «Сауран», «Нұртас» қосалқы станцияларының және «Орталық» қосалқы станциясынан халықаралық әуежайға дейінгі электр желілерінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Мәжілісте Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Оралов электрге жауапты компанияның тарифтері заң аясында қадағалауға алынғанын мәлімдеп, осы бағыттағы жұмыстарды баяндады.