ЕСІРТКІНІ ЖАРНАМАЛАУШЫЛАРМЕН КҮРЕС ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛІП ТҰР

Газетіміздің бұған дейінгі санында есірткіге әуестенетін жастардың қатары көбейіп бара жатқанын жазған болатынбыз. Зерттеулерге сенсек, есірткі негізінен әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы жарнамаланып жатыр. Дегенмен олардың бәрін бірдей бұғаттап тастау мүмкіндігі жоқ. Себебі аталған сайттардың дені шетелде тіркелген. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ҚР Президент телерадиокешенінің «Үш сұрақ» бағдарламасында айтты.

«Өкінішке қарай, бүгінгі таңда синтетикалық есірткінің таралу ауқымы ұлғайып келе жатыр. Сондай тенденция бар. Былтыр 14 келі синтетикалық есірткі тәркіленсе, биыл 105 келі тәркіленді. Оның үстіне біздің еліміздің аумағында да көлеңкелі зертханалары пайда бола бастады. 8 айдың ішінде 33 осындай зертхана мен есірткі притоны жойылып, 11 тоннадан астам есірткі заты тәркіленді» деді министр өз сөзінде. Ведомство басшысы қазір министрлік аталған жағымсыз құбылысты қалай ауыздықтау керектігін ойластырып, зерттеп жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылы заңнамаға есірткіні жарнамалау бойынша қылмыстық бап енгізілген. Соның арқасында 8 айдың ішінде 1772 есірткі сайты бұғатталған. Бұл әрекет ауыр қылмыс санатына жатады. Яғни мұндай қылмысқа барған азаматтар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ ондай қылмысты ашу өте қиын. Өйткені ол сайттар ел аумағынан тыс жерден жұмыс істеп тұрған болуы мүмкін. Сондықтан ондай қылмыстар тіркелгенімен, ашылмай қалуы ықтимал. Соның кесірінен ашылмаған қылмыстар саны артатыны белгілі. Ал министрлік тарапынан 1772 сайттың бұғатталуы есірткі айналымының аясын тарылтып, көптеген келеңсіздіктің бетін ашуға септігін тигізген.

Қорыта айтқанда, аталған мәселемен күрес қарқынды жүріп жатыр. Десе де өзекті мәселелер де жоқ емес. Есірткіге есі кеткендерді бұл жолдан қайтару ісі былай тұрсын, жарнамасына қыруар күш жұмсалып жатыр. Әзірге мұның өзі тиімді нәтижесін бере алмай жатқан тәрізді. Ашылған қылмысты айтып ақталған министрдің сөзіне қарасақ, шетелдік сайттармен күресуге ведомствоның қауқары жетпейді.