ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен жылу беру маусымына дайындық бойынша кезекті жиын өтті. Онда бірқатар өзекті мәселелер жайы сөз болды. Тарқатайық…

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда «3-Энергоорталық» АҚ-дағы 2 турбина, 3 қазандық, трансформаторлар күрделі жөндеуден өткен. Қалған 3 бойлерді күрделі жөндеу 82%-ға, қосалқы жабдықтарды ағымдағы жөндеуі 95%-ға орындалып, қалған жұмыстар 10 күн ішінде аяқталады. «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қарасты 15 жылу қазандығын 13-і дайын. Қалған 2 қазандық дайындық үстінде. 17 сорғы стансасының 15-і дайын, қалған екеуінде дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 19,4 км жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, бүгінге дейін 97%-ға орындалды. 1987 көпқабатты тұрғын үйдің 93,7%-ы яғни, 1863 үй жылыту маусымына дайын. 124 көпқабатты тұрғын үйде жұмыстар жалғасуда. Қалада 484 бюджеттік мекеме бар. Олар 99%-ы жылу маусымына дайын.
Бұдан бөлек, қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 114 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 25 мың тонна көмір қоры бар. Инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Жиын барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов қыс мезгілінде тұрақты және сапалы жылу берудің маңыздылығына тоқталып, тиісті сала басшыларына есептегі сандық көрсеткіштерді жіті тексеріп, істен шығу қауіпі бар нақты нүктелерді анықтауды тапсырды. Сонымен қатар тиісті сала басшыларына аяқталмаған күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалап, қыркүйектің соңына дейін аяқтауды жүктеді.