МҰНАЙ ӨНІМДЕРІНІҢ ӨНДІРІСІ БИЫЛ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШКЕ ЖЕТПЕК

Биыл елімізде 17 миллион тонна мұнай өнімдері өндіріледі. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев айтты. Мемлекет басшысы кездесу барысында еліміздегі жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында ұлттық компанияның қолға алған шаралары турасындағы есебін тыңдады.

Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын кейінге шегеру жөнінде шешім қабылданғаны белгілі болып отыр. Бұл ішкі нарықты қосымша 150 мың тоннаға дейін дизель отынымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 100 мың тоннаға дейін дизель отынын импорттайды. Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаздың» мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы полипропилен өндіретін зауытты іске қосу жұмыстары аяқталды. Кәсіпорын бір айдың ішінде іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Президентке полиэтилен және бутадиен өндірісіне қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы да айтылды. Мемлекет басшысына Каспий құбыр желісі консорциумының теңіз терминалындағы қазіргі ахуал жөнінде мәлімет берілді. Мұнай танкерлерге тұрақты түрде құйылып, кестеге сәйкес жөнелтіліп жатыр. Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.