ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әр айдың алғашқы сәрсенбісі күні азаматтарды біріңғай қабылдауды жүйелі түрде өткізіп келе жатыр. Бұл жолы шаһар басшысының қабылдауына 200-ден астам тұрғын келді.

Қабылдауда көтерілген негізгі мәселелер – тұрғын үй, жер телімін заңдастыру, жұмысқа орналасу, білім алу, медициналық көмек сынды түйткілдер. Мәселелерге заң шеңберінде, тиісті сала мамандарының талқылауымен, жан-жақты шешім жолдары қаралды. Хаттамаға енгізілгендердің кейбірі шешімін бірден тауып жатса, кейбірі ұзақ мерзімді қажет етуде. Оның ішінде тұрғын үй кезегі, жер телімін заңдастыру секілді мәселелердің тек заң аясында және кезегімен шешілетіні тұрғындарға тағы да түсіндірілді.
Қабылдауға келген 200-ден астам тұрғынның 130-ға жуығын қабылдаған шаһар басшысы, осындай жүзбе-жүз кездесулер ашықтық пен шынайылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өкілетті орган жұмыстарын халық көзімен бағалауға мүмкіндік беріп жатқанын атап өтті. Қабылдауда қала әкімінің орынбасарлары, өңірлік департамент басшылары мен салалық басқарма басшылары да болды.