ЕЛІМІЗДЕ 2,8 МЛН-ҒА ЖУЫҚ БАЛА ШЕТЕЛДІК КОНТЕНТТІ КӨРУГЕ МӘЖБҮР

Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі елдің тізгінұстары. Қазіргі уақытта балалар қай тілде әлемді таныса, болашақта қоғам сол тілде сөйлейді. Бұл – дәлелді қажет етпейтін аксиома. Осы тұста сандарды сөйлетсек, 2021 жылы жүргізілген Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша ел тұрғындарының саны 19 млн 169 мың адамнан асты. Оның ішінде 33,97 пайызы немесе 6,2 млн-ы – 17 жасқа дейінгі балалар. Бұл – үлкен көрсеткіш. Ал біз дәл осы халықтың үштен бірін құрайтын балаларға мемлекеттік тілде қызық та пайдалы контент ұсына алып жатырмыз ба? Бүгінгі балалар бос уақытында нені көреді? Қандай өзекті мәселелер бар? Тарқатайық…

Балалар контенті жайында сөз қозғағанда, еліміздегі тұңғыш әрі толықтай мемлекеттік тілде хабар тарататын балалар арнасы «Balapan»-ды айналып өтуге болмайды. 2010 жылы ашылған арнаның арқасында қазақ тіліндегі балалар контенті дамып келеді. Мәселен, елімізде аталған арнаны 2 миллионнан аса абонент көреді. Бұл – Қазақстан халқының 19,3 пайызы. Осы тұста арнаның аудиториясы турасында тарқата жаза кетейік. Алғаш ашылған уақытта «Balapan»-нан көрсетілетін мультсериалдар мен бағдарламалар 12 жасқа дейінгі балаларға арналған болатын. Дегенмен 2020 жылдан бастап аудиториясы 0 +8-ге дейін қысқарды. Яғни 8-12 жас аралығындағы балаларға арналған тележобалар мен мульттоптамалар эфирден алынды. Осы уақытта баласының жасына лайық қазақтілді контент таппаған біраз ата-ана наразы болып, әлеуметтік желіде пікір қалдырып жатты. Дегенмен арнаны кінәлаудан аулақпыз. Өйткені бұл – халықаралық деңгейдегі қалыпты құбылыс. Аудитория үлкейген сайын көрерменді қызықтыра түсу де, барлығын бірдей қамтитын контент беру де қиындай түспек. Сондықтан бұл саясатты құптауға да болады.