БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, капитан Н.Қаракөзев шомылу маусымында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша баспасөз брифингін өткізді.
Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жазда балалардың қауіпсіз демалуына айрықша көңіл бөлініп, су айдындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, суда төтенше жағдайлардың туындау қаупін төмендету бойынша іс-шаралар кешені жүргізілген. Осының негізінде үшінші меполистегі су объктілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалу, туризм мен спорт үшін 5 орын, шомылуға тыйым салынған 13 орын анықталған.
«Департамент аудан әкімдіктерімен бірлесіп 2022 жылға балаларды, оның ішінде аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін оқыту, шомылу орындарында жүзу бойынша бассейн иелерімен 10 меморандум бекітілді. Қазіргі уақытта меморандумға сәйкес 1776 бала үйретілді.
Күн сайын қоғамдық орындарда болу, су пайдалану және судағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарын бұзушылықтардың жолын кесу бойынша рейдтер мен патрульдеу жүргізіледі» деді спикер.
Шомылу маусымы кезінде департаменттің жедел-құтқару жасағының 55 құтқарушысы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Сондай-ақ қала аумағындағы 40-қу жуық жеке құтқарушы 18 нысанда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. Оларға жедел-құтқару жасағының құтқарушылары сабақтар өткізгенін де айта кету керек. Бұдан бөлек, қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқу орындарында 24 интерактивті сабақ, 40-қа жуық жиын өткізілген. 30 билборд орнатылып 22 мыңнан астам үгіт-насихат парақшалары таратылған. Су айдындарында 55 тыйым салу белгілері орнатылған. Жергілікті телеарналарда және ЛЭД экрандар арқылы бейнероликтердің көрсетілімі ұйымдастырылып, жазғы кезеңде судағы қауіпсіздік қағидаларын жеткізу мақсатында тақ күндері 22 республикалық, 4 жергілікті телеарналар мен 3 радиоарнаны (11 рет) ұстап алу жолымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.