74 НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Соңғы уақытта тұрғын үйлердің сапасына қатысты сын көбейді. Жақында ғана пайдалануға берілген үйлердің шатырынан су сорғалап, қабырғасы жарылып жатқанын әлеуметтік желідегі бейнежазбалардан жиі көреміз. Осындайда соңғы уақытта құрылыс қарқын алған Шымкент қаласында үйлердің сапасы бақыланып жатыр ма деген заңды сауал туындайды. Аталған көкейтесті сұраққа қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ә.Рабаев әкімдіктің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында өткен тікелей эфир барысында жауап берді.

Қазіргі уақытта Шымкентте қалалық құрылыс басқармасының тапсырысымен 74 нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, 41 көпқабатты тұрғын үй, 13 инженерлік-инфрақұрылым нысандары, 11 білім және 9 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Құрылыс кезінде сапа бойынша кемшіліктер орын алмауы үшін жауапты техникалық қадағалаушы эксперттермен күнделікті бекітілген нысанға барып, кестеге сәйкес қадағалау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Басқарма басшысы тікелей эфир барысында атқарылған жұмыстардың сапасын зерделеу үшін зертханалық сынақтар талап етілетінін және әр нысанға кемінде 3 техникалық қадағалаушы бекітілгенін, нысандарға бейнебақылау камералар орнатылып, онлайн режимде бақылануда екенін айтты. Құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешігуі, сапаның ауытқуы, құрылыс жұмыстарының ұйымдастыру деңгейінің төмендігі және техникалық құжаттардың сапасыз жүргізілгені үшін айыппұл салынады. Мәселен, осындай кемшілік үшін биылғы жылдың 3 айында 23 нысан бойынша жалпы 21 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы бақылау басқармасы тарапынан 6 млн теңге айыппұл салынып, 11 нысанның техникалық қадағалушыларының аттестаттары 6 айға тоқтатылған. Ал 16 нысанның мердігерімен келісімшартты бұзу жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік нысан бойынша 8 нысанның мердігер мекемелері мен техникалық қадағаушыларына жұмыс кестесінен кешіккені үшін және сапасыз орындалған жұмыс бойынша 11 млн теңге айыппұл шаралары ұсынылған. Қорыта келгенде, жүріп жатқан құрылыстардың сапасы басқарманың бақылауында. Құрылыс компаниялары талапқа сай жұмысын жүргізбесе, ауқымды айыппұл арқалайды.